«Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті Шұбаркөл көмірінің бекітілген бағасы тоннасына 13 500-14 500 теңге болып тұрған кезде оны 16 500 теңгеден сатқан сауда нүктесін анықтады. Қазір тексеріліп жатыр. Ал қалған 8 сауда нүктесіне көмір бағасы тұрақты», - деді ол.
Сонымен қатар бөлім бастығы көмірді алып сатушылар қалай анықталатындығын айтып берді.
«Бізде ұтқыр топ бар. Олар сауда нүктелеріне арнайы рейд жүргізіп отырады. Бұған қоса, сатушылардың өздері де алыпсатарларды айтып береді. Себебі олар күніне бірнеше рет келіп көмір сатып алады. Мұнан бөлек, көмір нарығындағы жағдайға елордаға таяу ауыл тұрғындарының келіп, көмір сатып алуы да әсерін тигізіп отыр», - деді ол.
Осы ретте Мақсат Ысмағұлов өткен жылыту маусымында көмірді алыпсатарларға қанша айыппұл салынғанын айтып берді.
«Өткен жылыту маусымында көмірге бағаны көтеріп жібергені үшін шамамен 24 млн теңгенің айыппұл санкциялары қолданылған болатын. Ал ағымдағы жылы мұндай бір ғана дерек анықталып, онымен Табиғи монополияларды реттеу және бәсекеестікті қорғау департаменті шұғылданып жатыр», - деді бөлім бастығы.
Айта кетерлігі, бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында Астана қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов қатты отын сататын жерлерде Шұбаркөлдің бір тоннасы 13 500-14 500, Майкөбе 12 500 мың, Қаражыра 14 000, Богатырь 9500 теңгеден саудаланып жатқанын айтқан болатын.