Астана әкімдігі мүмкіндігі шектеулі балаларға қаржылай көмек көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігі ғимаратында жыл сайынғы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ақшалай сертификаттар тапсыру қайырымдылық акциясы өтті.

Астана күнін қорыта келгенде, мерекелік шараларға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтарының арқасында жиналған ақша мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек ретінде беріледі. Акция аясында бүгін 52 бала Астана қаласы әкімдігінің атынан жалпы 26 млн теңге көлемінде қаржылай көмек алды. Жалпы, 130 өтініш келіп түскен. Барлық өтініштерді Денсаулық сақтау басқармасы, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағарламалар басқармасы, сонымен қатар, үкіметтік емес органдардың өкілдері кірген комиссия қарады. Комиссия әр баланың диагнозы мен емделу қарқынын қарай отырып, жедел медициналық көмекке зәру 52 адамды анықтады.