Астанада қалалық Жұмыспен қамту орталығының үш өкілдігі ашылды. Онда жұмыс іздеушілер өзекті бос орындармен танысып, сұхбаттасуға жолдама ала алады.
Астана қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының баспасөз қызметінің жетекшісі Дидар Садықов мәлімдегендей, еңбек нарығында құрылыс саласының мамандықтары сұранысқа ие. Алайда, тізім жүзу бапкері және кинолог сияқты сирек кездесетін бос жұмыс орындары бар, деп жазады Pm.kz.
«Астанада жұмыспен қамту орталығының бірден үш өкілдігі ашылды, онда жұмыс іздеушілер мәліметтер базасындағы өзекті бос орындармен танысып, сұхбаттасуға жолдама ала алады. Сонымен қатар, жастар практикасын, даярлау және қайта даярлау курстарын өту жағдайлары мен қажетті құжаттар жиынтығы туралы мамандардың кеңесін алуға болады», - деді Д. Садықов.
Баспасөз қызметінің басшысы баса айтып өткендей, Жұмыспен қамту орталығы өкілдіктерінің қосымша орындарын ашу жұмыссыздардың басым бөлігін мемлекеттік қолдау шараларымен қамту қажеттігіне негізделген.
«Қазіргі таңда елордалық Жұмыспен қамту орталығының базасында 3 мыңнан астам бос орын бар. Бірақ, біз бүгін тұрғындарға ең өзекті және ең сұранысқа ие бос орындарды ұсынамыз: құрылыс мамандары, электршілер, дәнекерлеушілер, үлкен жүк көліктерінің жүргізушілері, кран машинистері. Қала өсіп келеді, ЭКСПО нысандары салынып жатыр. Осыған дейін аталған өкілдіктерге жүгінген 834 адамның жыл басынан бері 355 адам жұмысқа орналастырылды, 72 адам жастар практикасына, 44 адам мамандарды даярлау және қайта даярлау курстарына жіберілді», - деп баса айтты Д. Садықов.