Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі көпшілікті мазалап, жұртшылықты толғандырған Кіші Талдыкөл тағдырына қатысты ресми түсініктеме беріп, мәселеге қатысты сұрақтарға жауап берді.
Көл тағдырына жаны ашыған елорда тұрғыны «Кіші Талдыкөл маңында жағымсыз иіс бар. Осы мәселе қалай шешілмек?», - деген сауал қойды.
Өз кезегінде қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Әлия Қожабаева абаттандыру жұмыстарынан кейін көлдегі жағымсыз иістің жойылатынын айтып сендірді.
«Әрине, бұл мәселе шешіледі және біз көл мен оны мекендеушілердің көзін жоймаймыз. Абаттандыру жұмысының көл тіршілігіне кері әсер тимейді. Бүгінде елордада урбандалу қарқыны екпін алып келеді. Бұған дейін айтқанымдай, көлдің жағасында қорық аумағы мен саябақ пайда болады. Көл зиянды қалдықтар мен заттардан тазартылады. Сәйкесінше ондағы жағымсыз иіс те кетеді», - деді Әлия Қожабаева елорда әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, Кіші Талдыкөлді сақтап қалуға қатысты - күніне 1-2 өтініш, ал ондағы жағымсыз иіс пен маса-кененің көзін құртуды сұрап 22 өтініш келеді екен.
«Осы тұрғыда мәселе екіжақты. «SOS Малый Талдыколь» белсенділері көлге тиіспеуді сұраса, оның маңында тұратын адамдар жағымсыз иіс пен масаға шыдамай, тазарту мен абаттандыруды дереу қолға алуды өтінеді. Тазарту және абаттандыру шараларынан соң жағымсыз иістің кететіні сөзсіз», - дейді ол.
Одан бөлек, елорда әкімдігінің өкілі Талдыкөл тазартылған соң онда құрылыс жұмыстары басталатынын айтты.