Астана әкімдігі үлескерлер мәселесін жылдың соңына дейін шешуі мүмкін

АСТАНА.  25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі ағымдағы жылдың аяғына дейін үлескерлер мәселесін шешпек.

Бұл туралы Астанада қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы барысында елордадағы тұрғын үй құрылысының жай-күйі мен оны дамыту болашағы туралы мәселені талқылау барысында қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошун мәлім етті.

Әкім орынбасарының айтуынша, бүгінгі күні елордада үлестік құрылыс арқылы салынып жатқан 2 «сақалды» нысан бар. Оның бірі -  «Территория комфорта-1», екіншісі «Монблан»тұрғын үй кешендері.

«Атап айтар болсақ, «Монблан» нысаны негізінен «БТА» банк арқылы қаржыландырылған. Аталған банк оның құнының үштен екі бөлігін - шамамен 2 млрд. теңге көлемінде қаржыландырыпты. Енді 900 млн. теңгеге жуық қаржыландыруды қажет етеді. Қазіргі таңда нысанда аудит жұмыстары жүргізілуде», - деді С. Хорошун.  Оның айтуынша, банк басшылығының өтінішімен осы айдың соңына дейін мәселе шешіледі, сосын қаржыландыру ашылады.

Ал «Территория комфорта-1» тұрғын үй-кешеніне келсек, құрылысты аяқтаудың бірнеше жолы, соның ішінде инвесторларды тарту қарастырылған.

«Өкінішке қарай, нысанның қазіргі жағдайы аталған объектіні зерттеуге байланысты қосымша шара қабылдауды қажет етеді. Өйткені, тексеру барысында құрылыс нормалары мен ережелерінің өрескел бұзылғаны анықталған. Тексеру жұмыстарына байланысты шаралар аяқталған соң сол мәселені шешуге кірісеміз», - деді С. Хорошун.