Астана әкімдігінде ведомстволық бағыныстағы кәсіпорындар басшыларына еңбек дауын шешу жолдары түсіндірілді

АСТАНА. 5 қараша. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігінде кеңес өтті, онда Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» бағдарламалық мақаласы талқыланды.

Кеңестің жұмысына әкімдіктің әлеуметтік блогы бағынысындағы ведомстволық кәсіпорындардың басшылары: мектептердің, балабақшалардың, спорттық мекемелер мен медициналық ұйымдардың, мәдениет мекемелерінің басшылары қатысты.

Астана қаласы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі департаменттің директоры Еркін Рахымбергенов өзінің сөзінде жиі кездесетін еңбек заңнамасының нақты бұзушылықтарын айтып, кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек дауын болдырмау және оның алдын алу бойынша мәселелердің шешілу жолдарына тоқталып өтті.