13:00, 29 Сәуір 2009
Астана әкімдігінде ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының отырысы өтті
АСТАНА. Сәуірдің 29-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалық етуімен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кеңеске қатысушылар Комиссияның 2008 жылғы жұмыс қорытындысын шығарып, 2009 жылға арналған жоспарды бекітті. Ұлттық комиссияның өткен жылы атқарған нәтижелі жұмыстарының бірі Наурызым және Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорықтарын біріктіруші «Сарыарқа ? Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері» тұңғыш табиғи обьектісінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енуі болып табылады. Ұлттық комиссияның төрағасы И.Тасмағамбетовтың атап көрсеткеніндей, «Мәдени мұра» стратегиялық ұлттық жоба аясында Бейбарыс сұлтанның Дамаск қаласындағы кесенесі мен Каирдегі мешітіне, Дамаскідегі әл-Фараби кесенесі мен этномәдени орталығының құрылысына археологиялық, ғылыми және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2005-2009 жылдарға арналған «Көне Отырарды қайта қалпына келтіру» бағдарламасы шеңберінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылуда. 2008 жылы Үкіметтің Қаулысымен республикалық маңыздағы және мәдени ескерткіштердің жаңа мемлекеттік тізімі бекітіліп, оған 218 нысан енгізілді. «Жұмыстарымыздың басымдықты бағыттарының бірі - білім беру. 2008 жылы білім саласының бюджеті 25,7 пайызға өсті. Халықаралық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің 20 интеллектуалды мектебін құру жұмыстары жүргізілуде. ЮНЕСКО мен Статистика институтының мәліметі бойынша Қазақстан «Баршаға білім беру» индексіне сәйкес 129 елдің ішінде 1 орынға ие болды», - деді ол. Сондай-ақ коммуникация саласына тоқталған И.Тасмағамбетов, ЮНЕСКО және Еуропалық Одақтың қолдауымен «Бүкіләлемдік мұралар желісі» жобасы аясында «Мұражайтанушы» бағдарламасының географиялық қамтылу көлемін кеңейту бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті. «Оның негізгі мақсаты ? Орталық мұражайды халықаралық ақпарат кеңістігіне енгізу болып табылады», - деп атап өтті ол.