Астана әкімдігінің ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге бағытталған жұмыстарының жүйесі өзгермейді - Ә. Жақсыбеков
18:45, 10 Тамыз 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық компания басшылығының ауысқанына қарамастан, әкімдіктің ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге бағытталған жұмыстарының жүйесі өзгермейді. Бүгін елорда әкімдігінде Әділбек Жақсыбековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиналысында әкім осылай деді.
Астананың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындығына тоқтала отырып, қала басшысы Астананың халықаралық байланыстарын кеңейту керектігін сөз етті.
«Ұлттық компания басшылығының ауысқанына қарамастан, әкімдіктің ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге бағытталған жұмыстарының жүйесі өзгермейді. Бұған дейін мен жақын орналасқан қалалар мен аймақтарға ресми сапарлар жасау мәселесін шешіп, оларды ақпараттандыру және көрмеге тартуды жүзеге асыруды тапсырған болатынмын. Бұл әкімдіктің ресми шарасы, оларды ЭКСПО көрмесін насихаттауға қосымша құрал ретінде пайдалануға болады, - деді қала басшысы.
Осыған орай, әкім елорданың іскер және мәдени ортасының халықаралық шараларға қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.