Астана әкімдігінің iKomek орталығына гепард жұмысқа «орналасты»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігінің iKomeк бірыңғай байланыс орталығының өз символы пайда болды. Ол - гепард бейнесіндегі mister Ikomek есімді маскот, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елорда әкімдігінен мәлім еткендей, гепард mister Ikomek бұдан былай қала басшылығының барлық әлеуметтік желілердегі, телеграмм каналдағы аккаунтарында және Астана әкімдігінің ресми сайтында шығып тұратын болады.

Бірыңғай байланыс орталығының символы ретінде неліктен гепард таңдалғаны да түсіндіріліп өтті.

«Себебі, гепард Ikomek-тің корпоративтік құндылығына нақты сипаттама береді. Мәселен, ол ең жылдам жүгіретін аң - 3 секундта жылдамдығы 110 км/с құрайды. Жылдам ба? Әрине, сөз жоқ! Гепард өте епті, көз жанары өткір және қырағы. Дәл осылайша Астана да тәулік бойы (24/7) қалалық бейнебақылау жүйесінің арқасында қауіпсіздікте тұр. Қызыл кітапқа енген. Ikomek орталығы - Қазақстанның мемлекеттік құрылымында ең бірегей және жалғыз жоба болып есептеледі. Түсіне келетін болсақ, қара-қызғылт: ашық және ап-анық, көзге бірден түседі. Mr. iKomek қала тұрғындарына қызмет етуге дайын, www.astana.gov.kz әкімдіктің сайтына кіріңіздер де өздеріңіздің өтініштеріңізді қалдырыңыздар!» - делінген iKomek қызметінің ресми хабарламасында.

Айта кетейік, бірыңғай фронт-офистің басты мақсаты - тұрғындардың мәселесін 90% дейін қашықтықтан шешу.

Өтінішті 109 номеріне хабарласып қалдыруға, Telegram (https://t.me/astanaikomek109_bot) чат-ботына хат  жолдау, Астана әкімдігінің сайтына (www.astana.gov.kz) жазуға болады.  Сондай-ақ өтініш-тілекті әлеуметтік желіде #astana109 хэштегімен қалдыру мүмкіндігі бар.