Астана әкімі балаларға жаңажылдық шаттық сыйлады

АСТАНА. 28 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін қала әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің атынан Оқушылар сарайында елордалық бүлдіршіндер көптен күткен жаңажылдық шырша өткізілді.

Оған қаланың балалар үйлеріндегі жетім балалар, жалпы білім беру мектебінің оқушылары, елорданың дарынды, оқу озаттары, олимпиада, байқаулары мен фестивальдердің жеңімпаздары, жүлдегерлері, жалпы саны 150 бүлдіршін қатысты.

Тамаша безендірілген залдың орта тұсында жаңажылдық мерекенің сәні, көркем ойыншықтармен көмкерілген алып шырша қойылған. Кеш қатысушылары оны айналып, мерекелік әндер айтып, би биледі, ойын ойнап, түрлі байқаулар өткізді. Уақыт ата, Ер төстік, Күнекей қыз және Шығыс күнтізбесіндегі жылдың он екі айының атауын иеленген  жануарлар, балалар асыға күткен Аяз ата мен Қаршақыз бүлдіршіндерге шат-шадыман көңіл- күй, ұлан-асыр думан сыйлады.

Бүлдіршіндерді жаңажылдық мерекелерімен құттықтаған қалалық Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина, «елдің мақтаулы азаматтары болыңдар», - деген тілек айтты. - «Мен  бүгін  2013 жылды бізге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыйлаған жаңа Оқушылар сарайында Аяз ата мен Қаршақызбен және түрлі аңыз, ертегілердің кейіпкерлерімен бірге қарсы алып жатқанымызға қатты қуанып тұрмын», - деді ол.

Мерекенің соңында барлық кішкентай қатысушылар  Аяз ата  мен  Қаршақыздан жаңажылдық сыйлықтар  алды.