Астана әкімі білім саласындағы қазақстандық интерактивті әзірлемелермен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тамыз кеңесі аясында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов білім саласында Interactive Kazakhstan ЖШС-ның жобаларымен танысты.

Аталған компанияның бас директоры Нұрлан Құрақбай елорда әкімін физика, химия және биологияны зерттеуге арналған 3D-бағдарламасымен, жаратылыстану үшін «Pasco» сандық зертханалық құрылғысымен, оқыту-әдістемелік кешенімен («Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі» және «Тілашар»), сондай-ақ өзге де инновациялық технологиямен таныстырды.

Өз кезегінде И. Тасмағамбетов Interactive Kazakhstan ЖШС таратып отырған құрылғылар мен бағдарламалық қамтамасыз ету жобалары ел аумағында енгізілуі жайында сұрады.

«Біздің кеңсе Астанада орналасқан. Біз өнімді барша Қазақстан бойынша таратып отырмыз. Атап айтқанда құрылғыларды алу жөніндегі бастама жергілікті жерлердегі мектептерден келіп түсіп жатыр. Осы орайда әкімдіктер мен білім басқармалары деңгейінде жұмыс істеуге ниеттіміз», - деді Н. Құрақбай.