Астана әкімі: Елбасы Жолдауы - біздің барша қоғам жыл сайын тағатсыздана күтетін маңызды құжат

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елбасы Жолдауы - біздің барша қоғам жыл сайын тағатсыздана күтетін маңызды құжат.

Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша қалалық актив жиынында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.

 «Биылғы Жолдау - ерекше. Онда Елбасы экономиканы нығайту мен халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша жаңа міндеттер қойды»,-деді әкім.

Аталған жиын барысында Жолдау жүктеген міндеттер тұрғысында түрлі салалардың өкілдері баяндама жасады. Мәселен, Ұлттық ғылыми-зерттеу медициналық орталығының бас директоры, қалалық мәслихат депутаты Абай Байгенжин Қазақстанда онкологиялық көмек көрсетуді дамыту бағдарламасын әзірлеу тұрғысында Президенттің тапсырмасына тоқталды. Осы орайда оның пайымдауынша, бұл өте уақытылы айтылған шешім. Себебі, еліміздегі онкологиялық көмек қызметі кеңестік кезең кезінде құрылған болатын және бүгінде оның құрылымы қазіргі заман талабына сәйкес келмейді.