Астана әкімі елордаға келу тәртібі мен тұрақты тұруға тіркеу тәртібін күшейтуді ұсынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға келу тәртібі мен тұрғындарды тұрақты тұруға тіркеу тәртібін күшейту қажет. Бүгін ҚР Бас прокуратурасында өткен Заңдылықты қамтамасыз ету, құқықтық тәртіп және қылмыспен күрес жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов осындай ұсыныс айтты.

«Астана қаласында қылмыс жасаған тұлғалардың жалпы саны бір жылда 3 мың 753 адам болса, олардың 691-і немесе 18 пайызы ғана елорда тұрғындары болып отыр. Ал қалған 3 мыңнан астам қылмыскер немесе олардың 78 пайызы басқа өңірлерден келгендер», - деді қала әкімі.

Бұдан бөлек, И. Тасмағамбетов бұрын қылмыс жасаған тұлғалар үшін де Астана қаласы аса тартымды болып отырғанын атап өтеді. Оның сөзіне қарағанда, жоғарыда аталған қылмыс жасаған тұлғалардың 283-і бұрын сотты болғандар екен.

«Астана түрлі бағыттағы ұйымдасқан қылмыстық топтар, автоұрлықпен айналысатындар, есірткінің заңсыз айналымымен айналысатын қылмыскерлер, ұрылар үшін де тартымды. Бұл ретте бұрын сотты болған тұлғалардың, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандардың жүріс-тұрысын бақылау өңірлерде дұрыс жолға қойылмағаны, тиісті деңгейде атқарылмайтыны байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, Астана қаласында болу тәртібі мен көші-қонның бақылау үдерісін айрықша күшейткен орынды. Елордада тұрақты тұру үшін азаматтарды тіркеу тәртібін реттеуді ұсынамыз. Дегенмен, менің ойымша, қанша қатайтқанымызбен, біз елордаға халықтың ағылуын тоқтата алмаймыз. Жыл сайын Астанаға басқа қаладан келген 50 мыңнан астам азаматты тұрақты тұруы үшін тіркеп келеміз. Ал былтырғы жылы олардың саны 78 мыңнан асты», - деді И. Тасмағамбетов.

«Біз бұған дейін де азаматтардың Астанада тұрақты тұру тәртібіне байланысты заңнамалық норма енгізу туралы ұсыныс жасағанбыз. Мәселен, Конституция бойынша азаматтардың республика аумағында емін-еркін жүріп тұруына құқық берілген. Соған сәйкес, басқа өңірлерден келгендер Астанада жұмыспен айналысуына, өзі қаласа тұрақты тұруына болады, алайда олар мемлекеттік қордан баспана алуға, балабақша мекемелеріне кезекке тұруға бірден өтініш бере алмайтын болуы керек. Олар бұл үшін бес жыл бойы Астанада тұрулары шарт. Бұл да елордаға қарай ағын үдерісін бәсеңдетудің бір амалы», - дейді қала әкімі.