Астана әкімі елордалық ұстаздардың компьютерлік сауатсыздығын сынға алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы Тамыз кеңесінде Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов қалалық мұғалімдердің ақпараттық-технологиялық тұрғыда сауатсыз екенін атады.

«Қазіргі кезде мектептердегі мұғалімдердің ақпараттық-техникалық сауаттылығы ең төменгі деңгейде екені құпия емес. Мәселен, «веб-сайт», «гипертекст», «гиперссылка», «видеоконференция», «тэгтер бұлты», «браузер» секілді терминдердің өзі оқытушылар арасында үрей тудырады. Сондықтан пайдаланушылық деңгейдің өзінде оқытушылар техникалық сауатсыздықтарын жою талпынысына қарсылық білдіруде және бұның мән-жайы түсінікті», - деп тоқталды әкім. Қала басшысының пайымынша, мұғалімдер мектеп басшылығы алдында техникалық тұрғыдан сауатсыз көрінуге, қызметтік жабдықтарды бүлдіріп алуға, оқушылар алдында біліксіз көрінуге қорқады. Сонымен қатар әкім оқытушылардың көбісі ағылшын тілік меңгермегенін, сондай-ақ қатып қалған ескі әрі ыңғайлы жұмыс әдістерін өзгерткілері келмейтіндігін атап өтті. И.Тасмағамбетовтың сөзіне қарағанда, 11 мыңнан астам елордалық ұстаздардың тек 12 пайызы Интернетті, оның ішінде электрондық сандық әдістемелерді еркін пайдалана алады. 16 пайызы оқу үдерісінде компьютерді толық қолдануға қауқарлы, ал 45 пайызы компьютерлік сауаттылықтың ең қарапайым деңгейін меңгерген. «Оқытушылық әлеуетке жоғары талап қойылып отырған Астана үшін бұндай жағдайлар қабылдауға келмейді. Сондықтан да жаңа оқу жылы барысында барлық мектептерде біз қаланың барлық мұғалімдері үшін компьютерлік сауаттылық деңгейін арттыру бойынша курстарды ұйымдастырамыз. Ал оқу жылының аяғында компьютермен және Интернетпен жұмыс бойынша біліктілігін тексеру аясында оқытушыларды аттестаттаудан өткіземіз», - деді әкім. Осы орайда И.Тасмағамбетов Білім басқармасына аталған курстарды ұйымдастырып, аттестация жүргізудің ережесін әзірлеп, бекітуді тапсырды. «Бұл өте маңызды. Себебі, мектептерге соңғы буынға арналағн компьютерлер сатып алынады. Бұған тисті қаржы да қарастырылған», - деді қала басшысы.