Астана әкімі елорданың дарынды балаларына жаңажылдық мереке тарту етті

None
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ -Астана әкімі елорданың дарынды балаларына  жаңажылдық мереке тарту етті. Оған 150 оқу озаттары, пәндік олимпиадалардың, интеллектуалдық және шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары атанған балалар қатысты.

Жаңа жылдың думанды кешіне жиналған балаларды елорда әкімінің орынбасары Әмірхан Рахымжанов құттықтап, оларға зор денсаулық және оқуда табыстар тіледі. Болашақта осы Жаңа жыл шыршасына шақырылған балалардың барлығы да еліміздің бас қаласының дамуына өзіндік үлес қосатындығына сенім білдірді.

Қалалық білім департаментінің шақыруымен елорда әкімінің шыршасына қатысып отырған №15 лицейдің оқушысы Иранбек Елшібек осындай думанды кеш сыйлаған Иманғали Тасмағамбетовке алғысы шексіз екендігін атап өтті. 2-ші сыныпта оқитын Иранбек математикадан, ағылшын тілінен қалалық олимпиадаларға қатысып, сан мәрте бірінші орынды иеленген.

Балаларға арналып Аяз Ата мен Қарша Қыздың, ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым ұйымдастырылды. «Жұлдызды сәт», «Астана жастығы» эстрадалық студиялары мен «Бәйтерек» және «Шоқжұлдыз» би ансамбльдерінің өнер ұжымдары қонақтардың алдарында өнер көрсетті.