Астана әкімі И. Тасмағамбетов ҰОС ардагерлеріне пәтер кілтін табыстады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Жеңіс күні қарсаңында ағымдағы жылы елордаға көшіп келген Ұлы Отан соғысының 4 ардагерімен кездесіп, оларға пәтер кілтін тапсырды.

Бүгінгі күні Астанадағы барлық ҰОС ардагері (100 пайыз) тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 2009-2013 жылдары коммуналдық тұрғын үй қорынан 218 пәтер берілген: 2009 жылы - 106, 2010 - 56, 2011 - 22, 2012 - 6, 2013 - 28.

Бұдан басқа, ағымдағы жылғы қаңтардан бастап ҰОС ардагерлері тұрып жатқан тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру нәтижесі 26 ардагердің тұрғын үйіне күрделі жөндеу қажеттігін көрсетті: 17 пәтер жылыту немесе пластикалық терезе мен балкондар орнатуды, 3 пәтер - жылытуды немесе кіреберіс есікті ауыстыруды, 5 пәтер - еденін жылытуды немесе еден жамылғысын ауыстыруды, 2 пәтер - күрделі жөндеуді, 1 жекеменшік үй - жөндеуді, 3 пәтер жуынатын бөлмедегі кафельді ауыстыруды қажет етеді.

Еске сала кетейік, 2014 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Астанада 258 ҰОС ардагері, олардың ішінде ҰОС қатысушылары - 194 адам, ҰОС мүгедектері - 64 адам. Олардың барлығы 150 мың теңге көлемінде біржолғы ақшалай төлем түрінде жергілікті бюджет қаражатынан әлеуметтік көмек алды. Қалада олар үшін бірқатар әлеуметтік қолдау көзделген: коммуналдық және өзге де қызметтер төлеміне, қалалық жолаушылар көлігінде тегін жүріп-тұруға, санаториялық-курорттық емделуге, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуге, пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге әлеуметтік көмек көрсетіледі.