Астана әкімі И.Тасмағамбетов «Жылдың ең үздік мұғаліміне» пәтер кілтін табыс етті

ТАНА. 30 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Жылдың ең үздік мұғаліміне» пәтер кілтін табыс етті.

Бүгін Конгресс-Холл сарайында алдағы жексенбі, 2 қазан күні атап өтілетін мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өтті.

«Былайғы жұрт бала бағбанына балап, қоғамның ары мен ақылы саналатын «ұстаз» ұғымы - бүкіл қоғам құрметтейтін, қадірі мол ерекше кәсіп, бұқаралық әрі бүкілхалықтық мереке. Бұл орайда, жылдағы қалыптасқан дәстүрмен төл қуаныштарыңызға арналған салтанатты шарада өздеріңізбен кезекті мәрте кездесіп отырмыз. Бұл тек бір күнге ғана арналған жедел жиын емес. Біз жыл сайын әр басқосуымызда мұғалімдер мәселесіне терең назар аударып, білім беру ісін, қырын-сырын тыңғылықты зерделеуге тырысып келеміз. Оның нәтижесі көз алдымызда. Елордалық білім сапасының бүгінгі күні республикадағы ең үздік көрсеткіші - осының айқын айғағы болса керек», деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде елорда әкімі И.Тасмағамбетов.

Жиын барысында И.Тасмағамбетов Астананың үздік білім беру мекемелері байқауларының жеңімпаздарын марапаттады. Мәселен, «Жылдың ең үздік мектебі» атанған №54 мектеп-лицейдің 10 ұстазы бір жыл бойы еңбекақыларына қосымша 50 пайыз үстеме алатын болады. «Үздік мектепке дейінгі мекеме» аталымында №27 «Балауса» балабақшасы жеңімпаз атанса, «Үздік кәсіптік мекемелердің» арасында жетім балаларға арналған №6 кәсіптік лицей топ жарды. Сондай-ақ, «Үздік қосымша білім беру мекемесі» атағы «Шығыс» балалар мен жасөспірімдер орталығына бұйырса, №1 Оңалту орталығы «Үздік арнайыландырылған мекеме» атанды.

Ал «Жылдың үздік мұғалімі» атанған №38 мектеп-лицейінің информатика пәнінің оқытушысы Қадырғазы Мұқанов қала басшысының қолынан пәтер кілтін алды.

Астаналық ұстаздарға ҚР Білім және ғылым министрінің құттықтауын жеткізген вице-министр Мұрат Орынханов та шараға құр алақан келмеді. Оның қолынан 4 педагог «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісін, тағы 4 ұстаз ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісін алды.

Айта кетейік, бүгінде елдің бас қаласы - Астанада орта және кәсіптік білім беру мекемелерінде 9500-ге жуық педагог жұмыс істейді. Олардың 85,5 пайызы жоғары білімді, 50 пайызға жуығы бірінші және жоғарғы санаттағы ұстаздар.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты.