2 наурыз күні елорда әкімдігінде қала басшысы Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Қала басшысы әкімдіктің ресми сайтына тұрғындардан келіп түскен сауалдарға және оларға берілетін жауаптарға ерекше мән берді. Жыл басынан бері әкімдіктің ресми сайтына қала тұғындарынан 1 313 сауал келіп түскен, олардың әрқайсысы құзыретті мекемелерге жолданды.
- Әкімнің орынбасарларына бұл мәселеге жауапкершілікпен қарауды бұйырамын. Бірінші тоқсанда «051» қызметіне, «Байланыс орталығына» және әкім сайтына түскен сауалдар бойынша талдау жүргізілсін, - деді қала басшысы. Ол қалалық денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын сараптай келе, жалған медициналық құжаттарды қолдану фактілерінің анықталғандығына назар аударды. Осы орайда Ә.Жақсыбеков арнайы топ құрып, елорданың халыққа қызмет көрсететін барлық мекемелерінде тексеру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Газбен қамту саласындағы қызмет түрлеріне тоқталған елорда әкімі соңғы уақытта әкімдік сайтына тұтынушылар тарапынан қызметтердің төмен деңгейде көрсетілетіні туралы шағымдар көп түсетінін жеткізді. Осыған байланысты ол тиісті шаралар қолданып, 1200 тұрғын үйге қызмет көрсететін «ГазҚызмет» ЖШС жұмысының сапасын арттыруды тапсырды. - Үйлердің жертөлелерінде шағын және орта бизнес нысандарының газ баллондарын заңсыз қолданатыны туралы шағымдар көп түсуде. Тұрғын үй инспекциясына Төтенше жағдайлар департаментімен бірігіп, тұрғын үйлердің жертөлелерінде газ баллондарын пайдалану фактілерін анықтап, оған тосқауыл қою үшін рейдтік шаралар өткізуді тапсырамын. Бұл ең алдымен адамдардың өміріне қауіп төндіреді, - деді Ә.Жақсыбеков. Сондай-ақ кеңес қорытындысы бойынша алдағы мерекелерге орай жұмыс жоспары талқыланды.