Қараөткел (Ильинка) кентінде Әсет Исекешев 10-шы емхананың жанындағы отбасылық денсаулық сақтау орталығында болды. Медициналық мекеме бір ауысымда 150 келушіні қабылдап, 12 мың халқы бар кентке қызмет көрсетеді. Бұрын орталықта тар шеңберлі мамандар болмаған. Қараөткел тұрғындарының өтініші бойынша қала әкімдігінің шешімімен биылдан бастап денсаулық сақтау орталығында көз дәрігері және гинеколог мамандар тұрақты түрде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, қажеттілігіне қарай невропатолог пен эндокринологтар да келіп тұрады.
«Елімізде азаматтарды қолжетімді және сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Қала әкімдігі үшін бұл басымдықтардың бірі. Қазіргі кезде Астанада 45 денсаулық сақтау нысаны бар. Соның ішінде, мемлекеттік және жекеменшік субъектілер тегін медициналық көмектің кепілді көлемі аясында жұмыс істейді», - деп атап өтті Әсет Исекешев.
Қала маңындағы тұрғын үй алабтарының мәселелерін шешу Астана әкімдігінің басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Қараша айында Әсет Исекешев бірнеше көшпелі отырыс өткізіп, олардың барысында Промышленный, Өндіріс, Железнодорожный, Көктал кенттерін дамыту жоспарлары қаралды.
Жалпы, Астанада 150 мыңға жуық адам тұратын 20 тұрғын үй алабы бар. Елді мекендердің барлығы жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, қосымша автобус маршруттарын ашу, мектеп, емдеу мекемелерін салу және кеңейту, кәсіпорындар құру, сондай-ақ, ойын және спорт алаңдарын ашу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Барлық проблемалық мәселелер халықтың жайлылығын арттыру жөніндегі Жұмыс жоспарына енгізілді және жедел түрде шешіледі.
«Алдымызда абаттандыру, инженерлік-көлік инфрақұрылымы, телекоммуникация жүйесі, әлеуметтік-қызмет көрсету саласы және ЖТҚ аймағын елорданың талаптарына сай қылу, өмір сүру үшін қолайлы жағдайлар жасау міндеті тұр»,- деді Астана әкімі.