Астана әкімі Қостанайдан келген шаруаны жеке қабылдаймын деп уәде берді
«Садовод» шаруа қожалығының иесі Виктор Симоненко Әсет Исекешев әкім болғаннан бері үш ұйымға хабарласып, өзінің өнімдерін супермаркет сөрелеріне делдалсыз тасып тұруға келіспек болған. Алайда, бұл ойынан түк шықпапты. Шаруаның айтуынша, Астанадағы көкөністердің көбі жасанды өсірілген, ал, маңдай тер төгілген даланың жемісін тіпті ЭКСПО көрмесіне келген қонақтарға ұялмай сатуға болатын еді дейді ол.
«Көкөніс нарығында 28 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Сапалы, дәмді көкөніс өсіреміз. Астана қаласының супермаркеттеріне әкеліп сатқымыз келеді, өйткені, көкөністеріміздің сапасы өте жоғары. Тікелей супермаркеттерге әкелейік десек, делдалсыз болмайтын сияқты. Менің ойымша, Астана тұрғындарына таңдау беріп, дүкен сөрелеріне әртүрлі өнім қойған дұрыс», - деді ол жәрмеңкені аралауға келген Ә.Исекешевтің алдында.
Айта кетейік, бұл шаруа қожалығы жылына сегіз мың тонна өнім шығарады екен. Қазір Қостанайдағы барлық әмбебап дүкенге, Ақтөбе қаласындағы бірнеше дүкенге өз өнімін шығарып сатады. Делдал арқылы Астана нарығына шыға бастаған, делдалдар өнімді Көкшетау, Павлодар, Алматы қалаларына сатып жүр.
«Келесі аптаның сәрсенбісі немесе бейсенбісі күні келіңіз, мен сізді өзім жеке қабылдаймын. Астаналықтар жылына шамамен 540 мың тонна көкөніс пайдаланады, келесі жылы бұл көрсеткіш 700-750 мың тоннаға жететін шығар. Сондықтан, біздің де мүддеміз бар», - деді әкім бағбанмен сөйлесе тұрып.
Жалпы, Қостанай облысы Астанаға 100 түрлі азық-түлік түрінен 400 мың тонна өнім әкелген. «Жәрмеңкедегі азық-түліктің бағасы Астана нарығынан 15 пайызға арзан. Жалғыз жәрмеңкемен шектелмейміз, қазір Астана әкімдігімен меморандумға қол қойып, делдалсыз Шапағат базарына жеміс-жидек әкеп сататын болдық. Келесі аптада Астанаға облысымыздың 10-15 тауар өндірушісі келеді», - дейді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.