13:36, 16 Сәуір 2009
Астана әкімі өткен жылыту маусымында орын алған олқылықтарды шілденің 1-іне дейін жоюды тапсырды
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов 2008-2009 жылыту маусымының қорытындысына және алдағы қысқа дайындық жұмыстарына арналған кеңесте, ПИК басшыларына өткен жылыту маусымына дайын болмаған 61 үйдің жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алып, алдағы шілденің 1-іне дейін ол олқылықтарды түгелімен жоюды тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қала әкімі өткен жылыту маусымына дайындық төлқұжаттары толтырылмаған, не болмаса ескертпелермен жазылған 61 үйдің ПИК басшыларына тұрғындармен жиналыстар өткізіп, үйдің инженерлік жүйелері апатты күйде екендігін, болмаса тұрғын үй жылыту қуатын толықтай қабылдай алмайтындығы жөнінде хабардар етуді тапсырды. «Бұл үйлер қатаң қадағалауға алынып, шілденің 1-іне дейін ұйымдастыру шаралары толығымен аяқталу қажет. Жылыту маусымына ондаған үйдің дайындықсыз кірісуі дұрыс емес. Әрине, 2008 жылы мұндай үйлердің саны 300 болды. Бірақ қазіргі көрсеткіштер де көңілімізді жұбатпайды. Өйткені, жылыту маусымына дайындық 100 пайыз болуы керек», - деді ол. «Астана-Жылутранзит» АҚ-ның бас директоры Айтмұқан Жұмабаев тамыз және қыркүйек айларында дүрлікпе болдырмас үшін, қаладағы білім беру және денсаулық сақтау мекемелері қысқа дайындық туралы төлқұжаттарды шілденің 15-іне дейін, қарттар үйлері тамыздың 1-іне дейін, ал қалған нысандар қыркүйектің 20-сына дейін алулары қажеттігін айтты.