И.Тасмағамбетовтың айтуынша, жақсы оқулық жаңа ұрпаққа бүгінгі өмір туралы қолданбалы білім беріп қана қоймауы тиіс, ол ертеңгі күні оқушы сүйене алатын, осы білімді жаңа жағдайларда пайдалана алатындай берік іргені қалауы қажет.
«Бізде жаңа нәрсе ескіден жақсы деп санау қалыптасып қалған. Бірақ соңғы он жылда кейбір оқулықтар бірнеше рет және ең өкініштісі, авторлардың әртүрлі түзетулерімен қайта басылып шықты. Әрине, ғылым қарқынмен алға басып келе жатқанына және оны заманауи жағдайда зерттеу қажеттігіне шүбә келтірмейміз. Бірақ мектепте ғылымның жаңа жетістіктеріне аса байланбаған жекелеген пәндер де бар емес пе?! Мысалға, геометрия - классикалық ескілік заманнан келеді. Онда үйретілетін дүниелер Евклидтің кезінен белгілі. Менің ойымша, бұл жерде себеп біреу - білім беру саласына және оқулықтардың сапасына еш қатысы жоқ баспалық келісімдердің коммерциялық пайда табу мақсаты», - деп атап өтті әкім.
Қала басшысының айтуынша, бұл, сайып келгенде, оқушының біліміне және оның одан әрі білім алуына кесірін тигізеді.