Астана әкімі ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады

АСТАНА. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Конгресс Холл» сарайында Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов білім саласының қызметкерлерін кәсіби меркелерімен құттықтады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда кәсіби мерекеге орай арнайы құттықтау сөз сөйлеген И.Тасмағамбетов қалдағы № 38 мектеп-лицейіне «Үздік мектеп» деген баға берді. Қала әкімі мектеп ұжымына сыйақы ретінде 750 мың теңге тапсырды. Ал Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендинаның айтуынша, аталған мектептің ең үздік ұстаздарының бірі алдағы жылдың қаңтар айында Лондонда кәсіптік біліктілігін арттырып қайтатын болады. Сондай-ақ мектептің 50 ұстазының айлық жалақысына тағы 50 пайыз үстеме қосылады.

«Ұстаздар қауымы бұдан да үлкен сый-сыяпатқа лайықты. Өйткені   білімді ұрпағы бар бүгінгі қоғам үшін біз оларға алғыс айтуымыз қажет. Сондықтан мен оларды кәсіби мерекелерінің тұсында шын жүректен құттықтап, олардың ерекше төзімділікті, асқан еңбекқорлықты қажет ететін кәсіптеріне сәттілік, ал отбасыларына амандық тілеймін», деді әкім ұстаздарға арнаған құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар ол қала бойынша «Үздік мектеп», «Үздік балабақша», «Үздік кәсіби лицей», «Қосымша білім беру жөніндегі үздік ұйым», «Үздік колледж», «Үздік мамандандырылған ұйым» аталымдарының   жеңімпаздарын да марапаттады.