Астана әкімі ұялы телефоннан бас көтермейтін көлік жүргізушілеріне наразы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының көліктік кешенін дамыту бағдарламасына арналған қоғамдық тыңдаулар барысында Астана қаласының әкімі ұялы телефоннан бас көтермейтін автобус жүргізушілеріне өз наразылығын білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мына бір деректерді қараңызшы, 1191 рет жүргізушілер көлікті басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланған. Дәл осы тәртіп бұзушылықтарға xалық та наразы. Масқара ғой! Олар ұялы телефонға қарап, жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп жүреді. Бұл таза заңды бұзу ғой. Жеке көліктің өзінде ұялы телефонды пайдалауға болмайды ғой. Ал біздің автобус жүргізушілеріміз былқ етпей, ұялы телефоннан бастарын көтермей жүреді. Рульде отырып, темекі шегеді. Біз 18-ші ғасырда тұрып жатқан жоқпыз ғой. Сосын кабинаға бөтен адамдарды кіргізіп алады. Онымен қоймай қауіпсіздік белдіктерін тақпайды", - дейді Исекешев. Оның айтуынша, жаңа ақпараттық жүйе арқылы ондай тәртіп бұзушылықтардың барлығы анықталып, ережені сақтамайтын көлік жүргізушілері жұмыстан шығарылады.

Айта кетейік , шара барысында Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердиев ағымдағы жылдың екінші тоқсанында тағы екі көшеде біржақты қозғалыстың енгізілетінін мәлімдеді.