Жаңа орталық ашылғалы материалдық-техникалық базасы едәуір жақсарып, жаңа құрылымдық бөлімшелер ашылды - психотерапия бөлімшесі, әлеуметтік оңалту бөлімшесі. 250 кереует-орынға есептелген жаңа Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығын пайдалануға беру қазіргі заманғы ғылым деңгейінде наркологиялық көмек көрсетудің жаңа стандарттарын іске асыру жолындағы маңызды кезең болып табылады. Орталықта елімізде тұңғыш рет білікті көмек көрсетудің барлық кезеңдері енгізілген.
Қала басшысы Орталықтың бірнеше бөлімшесін аралағаннан кейін ұжыммен әңгімелесіп, оларға жұмыстары үшін алғысын білдіріп, денсаулық сақтау қызметкерлеріне жүктелген жауапкершілікті атап өтті.
Ә. Жақсыбековтың айтуынша, бүгінде Астанада әлемдік деңгейдегі заманауи медициналық кластер құрылып, қызмет етуде, оған емделу үшін барша Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ, шетелдерден де келеді.
«Елордада инновациялық және жоғары технологиялық медицинаны жетілдіру және енгізу бойынша жұмыстар үздіксіз жүргізіледі. Осының барлығы Мемлекет басшысының қолдауының арқасында мүмкін болды», - деді қала басшысы.
Айта кетейік, өткен жылы Астанада Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығынан басқа тағы да төрт денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді - қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, амбулаториялық-емхана кешені, БМСК орталығы, онкодиспансерге жапсарластыра салынған ғимарат. Жаңа денсаулық сақтау нысандарының құрылысы биыл да жалғасатын болады.
Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығыемхана және стационар корпустарынан тұрады.
Қазіргі кезде Орталықтың міндеті - көрсетілетін қызметтер секторын алдын алу мен алкогольге тәуелді, нашақорлар, құмар ойынға салынған, деструктивті тәртіптің басқа да формаларына ұшыраған науқастарға тиімді мамандандырылған көмек көрсетуге бағыттау.
Орталықта жоғары білікті нарколог дәрігерлер, психотерапевттер, психологтар жұмыс істейді. Науқастарды емдеу барысында дәрі-дәрмектерден басқа, заманауи психотерапевттік технологиялар, пациентке оңалтудан кейінгі қолдаумен рецидивке қарсы сапалы ем-дом кеңінен қолданылады. Сонымен қатар, науқастың туған-туыстарына да жеке және топтық психотерапия курсын алу мүмкіндігі беріледі. Бұл тәуелділікке шалдыққан отбасы мүшесімен сындарлы өзара әрекет ету дағдыларын меңгеруге көмектеседі.
Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығында 228 қызметкер бар, қазіргі кезде Орталықта білікті мамандар тапшылығы жоқ.
Астана қаласы Медициналық-әлеуметтік оңалту орталығының мекен жайы: 31-көше, № 7 ғимарат (балалар жұқпалы аурулар ауруханасы мен №1 перинаталды орталықтың арасында).