Астана әкімі Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырмалар берді
Қала әкімі, Елбасы өз Жолдауында атап көрсеткен энергияны тиімді қолдану, сумен қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері Астана үшін өзекті екенін атап өтіп, өзінің орынбасары Василий Крыловқа алдағы бір айдың ішінде ТШК-ны жаңғырту және халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жаңа бағдарламалар мен оларды жүзеге асыру жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ орынбасары Қанат Сұлтанбековке, экономиканың нақты секторын, әсіресе кәсіпкерліктің өсіміне жол ашатын Өңірлік даму бағдарламасын дайындауды жүктеді.
И.Тасмағамбетов әлеуметтік саладағы түйіткілдерді, атап айтқанда, кәсіби-техникалық білім беру, балабақшалардағы орын тапшылығы, емханалардың жетіспеушілігі мен еңбекпен қамтамасыз ету мәселелеріне жеке тоқталды. Бұл саладағы түйіткілдердің түйінін тарқатуды орынбасары Аида Балаеваға тапсырды.
«Президент Жолдауында әлеуметтік саланы жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударды. Мәселен, маңызды шаралардың бірі ретінде кәсіби-техникалық білім беру атап өтілді. Осы ретте, жауапты қалалық құрылымдардың назарын жеке бағдарлама әзірлеу қажеттігіне аудартқым келеді. Елорда ретінде қаламыз елдегі ірі білім беру ошағы болып табылады», - деді ол.
Әкімнің сөзіне қарағанда, астанада 37 кәсіби-техникалық білім беру мекемесі жұмыс істейді. Қазіргі күні Көктал кентінде кәсіби-техникалық жаңа лицей бой көтеруде. Ал 2012 жылы тағы бір лицей мен колледж салу жоспарланып отыр.
Ал балабақшалардағы орын тапшылығын жою мақсатында «Балапан» бағдарламасы аясында 2010 жылы мектепке дейінгі 50 мекеме іске қосылып, 12 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға барды. Дегенмен бұл кезекте тұрған балалардың 50 пайызының ғана мәселесін шеше алды. Қалған 14 мың баланы және көші-қонның үлкен ағынын есепке ала отырып, биылғы жылы - 17, 2012 жылы - 10 балабақша салу көзделіп отыр. Сөйтіп, 2015 жылға қарай балаларды мектепке дейінгі білім берумен - 74 пайызға, 2020 жылға қарай - 100 пайызға қамтамасыз ету жоспарлануда.
Қала басшысы сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуді 2013 жылға дейін аяқтау қажеттігін айтып, емханалардағы ұзын-сонар кезектерді азайту үшін қазір жаңадан 4 мекеменің құрылысы жобаланып жатқанын жеткізді. И.Тасмағамбетовтың сөзіне қарағанда, 750 мыңнан астам халқы бар қала үшін алдағы уақытта тағы 6 емдеу мекемесін салу қажет.
Әкім халықты жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аудартты. Мәселен Елбасының тапсырмасына сәйкес, 1 мамырға дейін жұмыссыздарға бұрынғыдай жәрдемақы төлеуді емес, олардың жаңа мамандық игеруі үшін грант бөлуге негізделген жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясын әзірлеу міндеті қойылды. Айта кетейік, 2010 жылы Жұмыспен қамту орталығына 20 мыңнан астам адам жұмыс іздеп келсе, оның 11 мыңы еңбекпен қамтылды. Қазіргі күні базада 430 жұмыс берушіден 1300 бос жұмыс орны бар.