Астана әкімі жылытылатын аялдамалардың құнын қайта тексеруге уәде берді
«Аялдамалар кешенінің құны неге байланысты жоғары болды және бұл мәселе қайта қарала ма?» деген сауал қойылды конференция барысында.
«Аялдама кешенінің құны оның көлемі мен жарақтандырылуына байланысты. Оның құрылымынан өзге Астанада павильонның құнына жобалық, сондай-ақ оны орнату үшін жер қазу жұмыстары, іргетасын құю, электр желісін тартып, басқа да желілерді қосу үшін кабель желілерін тарту, монтаждау жұмыстары, коммуналдық қызметтер т.с.с. кіреді. Аялдамалар павильоны іргетасқа орнатылған, ол шыныпакеттермен, үш инфрақызыл жылытқыштарымен, желдеткіштермен, резина төсеммен, бейнебақылаумен және Wi-Fi жүйесімен жабдықталған. Дегенмен, бұл павльон құны қайта тексерілетін болатынын атап өткім келеді», - деп түсіндірді Ә.Жақсыбеков. Еске сала кетсек, Астанада алғашқы жылытылған аялдаманы орнатуға 10 млн. теңге жұмсалды. Жыл соңына дейін елордада осындай 55 павильон орнату жоспарлануда.