Бұл туралы өзінің жеке блогында тұрғындардың сұрағына жауап берген елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
«Менің тапсырмаммен, 16 желтоқсан күні Астана қаласының Ішкі істер департаменті көші-қон полициясы бөлімінің қызметкерлері сұрамшақтықпен және қаңғыбастықпен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында Затаевич, Майкөтов, Уәлиханов көшелерінде, «Green» және «Артем» сауда үйлері маңындағы автотұрақтар аумағында шұғыл- алдын алу іс-шараларын өткізді. Нәтижесінде Өзбекстанның 12 азаматы (ұлттары люли), соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 5 бала анықталды. Олар автобуспен Астана-Шымкент бағыты бойынша елорда аумағынан шығарылды», - деп атап өтті әкім.
Қала басшысының айтуынша, 17 желтоқсан күні Уәлиханов көшесінің бойынан Өзбекстан Республикасының тағы 5 азаматы ұсталды. Олар сондай-ақ өз елдерінің шекараларына дейін депортацияланды.
«Қазіргі уақытта Астана қаласының ІІД Көші-қон полициясы басқармасының қызметкерлері лайықты құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында елорданың орталық көшелерінде патрульдік кезекшілікті жалғастыруда. Тілемсектікпен айналысатын тұлғаларға ерекше назар аударылуда», - деп түйіндеді И.Тасмағамбетов.