Астана әкімінің жаңажылдық шыршасына 300 бала қатысады
Қалыптасқан дәстүр бойынша, аудандық әкімдіктер де балаларға арнап мереке өткізеді. Шаралардың барлығы М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында ұйымдастырылады.
Бүгін «Есіл» ауданы әкімдігінің жаңажылдық мерекесіне аудан мектептерінің 200 оқушысы қатысты. Олардың арасында жетім балалар, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылардан шыққан балалар бар. Бүлдіршіндер ойын ойнап, қызықты жарыстарға қатысып, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, оларға арнап «Аяз Атаның сиқырлы асатаяғы» атты ертегі қойылды. Мерекенің әр қонағына сыйлық пен тәттілер жинағы тарту етілді.
23 желтоқсан күні сағат 9-да «Сарыарқа» ауданы әкімінің шырша тойы өтеді, онда да бүлдіршіндерді көңілді жарыстар мен сыйлықтар күтеді.
28 желтоқсанда «Алматы» ауданы әкімінің атынан мерекелік шырша кеші ұйымдастырылады. Кішкентай қонақтар Аяз Атамен және Ақшақармен бірге ән айтып, би билейді. Балаларға мерекелік концерт және ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым көрсетіліп, сыйлықтар таратылады.