Астана әкімі «Сергек» жүйесін араб компаниясына беру мәселесін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – «Сергек» бейнебақылау жүйесін араб компаниясына беру туралы мәселеге елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Нұра ауданының тұрғындарымен кездесуде түсініктеме берді.
Ақпан айында «Сергек» жүйесі Астанада жұмысын тоқтатып, камераларды басқару Біріккен Араб Әмірліктерінің компанияларына өтеді деп хабарланды. Алайда әкім бұл жүйені басқа компанияға өткізу емес, ынтымақтастық екендігін түсіндірді.
— Олардың консорциумы бар, бірге жұмыс істейді. Бұл консорциумдағы бас компания — Presight. «Сергек» осы салада жұмыс істейтін ірі компаниямен жұмысын жалғастырып жатыр, - деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, бұл жоба аясында Астанада 22 мың камера орнату жоспарланып отыр, көбі құрастырып қойылған.
— Инвестиция көлемі — консорциум салатын 53 миллиард теңге. Негізінен бұл қаражат Presight-ке тиесілі, — деп атап өтті әкім.
Жаңа камералар тереңдетілген аналитикалық функциямен жабдықталады. Олар адам мен көлік нөмірін анықтай алатын деңгейде болады.
Қала басшысы атап өткендей, бұған дейін камералардан алынған мәліметтер әрдайым нақты ақпарат алуға мүмкіндік бермеген.
— Полицияның мәліметінше, бүгінде көшедегі барлық қылмыстардың үштен бірі «Сергек» камерасы арқылы әшкереленді, - деп толықтырды әкім.
Оның айтуынша, жобаны іске асыруды ағымдағы жылдың 20-25 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұған дейін Астана әкімі қаладағы жұмыс кестесінің өзгеруіне қатысты пікір айтқан болатын.