Астана әкімдігі 1 млрд-тан астам теңгеге 12 жер учаскесін сатып алмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа көшелер салу және абаттандыру мақсатында елорда әкімдігі 12 жер учаскесін сатып алуды жоспарлауда. Бұл туралы Астана қаласы тұрғын үй және тұрғын инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Сайыпов мәлім етті.

Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

«Мәслихат сессиясының қарауына 1 млрд 311 млн теңге сомасында жалпы ауданы 0,106 гектар жерді, 8 объекті бойынша 12 жер учаскесін сатып алу жөніндегі шарт жобасын ұсынады», - деді Әнуар Сайыпов елода мәслихатының кезектен тыс отырысында.

Қалалық тұрғын үй және тұрғын инспекциясы басқармасы келесі объектілерді сатып алмақ:

1. Иманов көшесінен Бөгенбай батыр даңғылына дейін (Асан қайғы көшесін салуға);

2. Шара Жиенқұлова көшесінен Асан қайғы көшесіне дейін (Биші қайың көшесін салуға);

3. Биші қайың көшесінен Ә.Жангелдин көшесіне дейін (Сырдария көшесін салуға);

4. Керей және Жәнібек хандар көшелерінен Ұлы дала даңғылына дейінгі (№37 көшесін салу);

5. Ш. Жиенқұлова көшесі маңындағы қоғамдық кеңістікті абаттандыру;

6. Иманов көшесінен Тархан көшесіне дейінгі учаскеде (Асан қайғы көшесін салу);

7. Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голль көшесінің қиылысында көппәтерлі тұрғын үй кешенін салу;

8. №А 20 көше маңында орамішілік жолдар мен инженерлік желілер салу.