Астана әкімдігі қоғамдық көлік қызметін субсидиялауға 48,4 млрд теңге сұрап отыр

АСТАНА. KAZINFORM –  Астана қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин қалалық мәслихат отырысында қоғамдық көлік қызметін субсидиялау үшін 48,4 млрд теңге қажет екенін айтты. 

Фото: Kazinform

«2024 жылы 200 жаңа автобус сатып алу, 10 жаңа маршрутты іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде бесеуі қалалық маршрут, бесеуі экспресс-маршрут болады. Бірін кезекте тұрғындардың өтініші бойынша Агроқалашықтан ЭКСПО аумағына тікелей қатынайтын маршрут ашылады. Одан кейін Агроқалашықтан «Нұрлы жол» вокзалына қатынайтын маршрутты іске қосу жоспарланған. Жаңағы айтылған 200 жаңа автобус «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы сатып алынады», - деді басқарма басшысы.

Оның сөзінше, биыл қоғамдық көлік қызметін субсидиялауға 48 млрд теңгеден астам қаражат қажет.

«Жаңа автобус тасымалдаушылардың мойнында лизинг төлемдері, автобустарды міндетті сақтандыру сияқты міндеттемелер пайда болып отыр. Сондай-ақ жаңа сатып алынған автобустарға жаңа жүргізушілер алынды. 2024 жылға қажет субсидиялардың жалпы сомасы – 48,4 млрд теңге. Оның 15 млрд теңгесі бөлінді. Қосымша 33,4 млрд теңге қажет. 2024 жылы қоғамдық көліктерді субсидиялауға ай сайын орта есеппен 3,7 млрд теңге керек», - деді Асхат Қарағойшин.