Астана әкімдігі көлік кептелісін азайту үшін цифрлық басқаруды енгізеді

Коллаж: Kazinform / Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада көлік жүктемесі артып келеді, әсіресе таңғы және кешкі уақытта кептеліс көбейеді. Алдағы жылдары әкімдік көлік ағынын жедел басқаруға және жүктемені азайтуға көмектесетін бірқатар цифрлық құралдар енгізуді жоспарлап отыр.

Елордада кептеліс ең көп байқалатын 6-7 көше бар, олар: Тұран, Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Сығанақ, Сарайшық, Қонаев және Достық учаскелері.

– Бұл проблемалық көшелер көпірлерге қарай бағытталған. Негізгі кептелістің барлығы сол жағалауда, Есіл және Нұра аудандарында болады. Оның бәрі орталық мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және басқа да мекемелердің жұмысымен байланысты, – деді елорда әкімі Жеңіс Қасымбек Нұра ауданының тұрғындарымен кездесуде.

Әкімдік Kazinform сұрауына жауап ретінде көлік ағындарына талдау үнемі жүргізілетінін атап өтті. Қазір проблемалық учаскелердегі жүктемені азайтуға бағытталған шаралар кешені әзірленіп жатыр.

– Қала цифрлық шешімдердің жеке әзірлеушілерімен өзара деректер алмасу және кейін басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жұмыс жүргізуде. Бұл шаралар Астананың 2035 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту жөніндегі кешенді бағдарламасында көзделген, – деп хабарлады көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

Фото: Яндекс карта

Әкімдік Kazinform сауалына берген жауапта көлік ағындарына үнемі талдау жүргізілетінін атап өтті. Қазір проблемалық учаскелердегі жүктемені азайту үшін шаралар әзірленіп жатыр.

– Қала өзара деректер алмасу мен басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жеке цифрлық шешімдер әзірлеушілерімен жұмыс істей бастады. Бұл шаралар Астананың 2035 жылға дейінгі көлік жүйесін дамыту туралы кешенді бағдарламасында көзделген, – дейді көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.

Жолдардың жүктемесі қалай бақыланады

Бүгінде Қазақстанның 10 қаласы мен үш облысында Sergek ITS интеллектуалды жүйесі жұмыс істейді. Сегіз қалада – Алматы, Шымкент, Түркістан, Тараз, Атырау, Семей, Ақтау және Қонаевта жолдардың жүктемесі мен жол жүру уақыты туралы деректер жиналады. Онда жеке деректер жоқ.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Компанияның мәліметінше, ең жоғары жүктеме республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады, ал өңірлер ішінде Семейде кептеліс көбірек. 
Бұл жүйе қозғалыс қарқынын және көліктер тығыздығын, орташа жылдамдықты және жүріп өткен қашықтықты талдайды, жол жүру уақытын және кезек ұзындығын анықтайды. Қажет болған жағдайда аналитиктер жеке деректер жасырылған мәліметтерді құқықтық статистика комитеті, жол қозғалысын ұйымдастыру орталықтары және басқа да құрылымдарға бере алады.

Компания көлік аналитикасы бар қоғамдық платформа құру мәселесі әзірге көтерілмегенін айтады. Алайда әкімдіктер немесе мемлекеттік органдар бастамашылық етсе, мамандар оны іске асыру мүмкіндігін қарастыруға дайын.

Дрондар, «Қорғау»: ҚР ІІМ цифрлық шешімдері

Еліміздің Ішкі істер министрлігі де жолдағы жағдайды бақылауға қатысады. Ведомствоның мәліметінше, автоматты тіркеу камералары арқылы шамамен 7 млн әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген, ал мобильді кешендер 729 мыңнан астам заңбұзушылықты анықтаған.

Фото: Үкімет

Апат қаупі жоғары учаскелерде мониторинг үшін дрондар қолданылады, сондай-ақ қауіпті жүргізушілерді анықтауға арналған «Қорғау» интеллектуалды жүйесі іске қосылған. Жүйе көмегімен 43,3 мың әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген, оның ішінде:
· сақтандырусыз көлік айдау – 20,9 мың жағдай;
· мемлекеттік нөмірсіз жүру – 6,3 мың;
· жалған нөмірмен жүру – 638;
· жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғалардың көлік айдауы – 1,3 мың.

Әкімдік мәліметінше, соңғы бес жылда елордадағы көлік жүктемесі үнемі өсіп келеді. Оған негізгі себеп – халық санының артуы және автомобильдердің көбеюі болып отыр.

Кептелістен қандай шығын келетінін зерттеу керек

Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының директоры Арыстан Масановтың айтуынша, Қазақстанда әзірге көлік кептелісінен келетін экономикалық шығынға қатысты жүйелі бағалау жүргізілмейді. Ең жоғары жүктеме Астана мен Алматыда байқалғанымен, уақыт, жанармай және ауаға зиянды шығарындылардың нақты шығыны туралы дерек жоқ.

– Көлік кептелісін тұрақты өлшемей, жолдарды, жолайрықтарды немесе интеллектуалды қозғалыс басқару жүйелерін жоспарлау қиын. Кептелістерді тиімді азайту үшін алдымен дәл диагнозын қою қажет: кептеліс қай жерде, қашан және не себептен пайда болатынын, негізгі жүктемені кім қалыптастыратынын анықтаған жөн, – деп түсіндірді сарапшы.

Фото: Kazinform

Маман кептелістің салдары жүргізушілердің қолайсыздығымен ғана шектелмейтінін атап өтті. Бұл – қаражаттың жоғалуы, жанармайдың артық жұмсалуы, логистиканың тежелуі, ауа ластануының артуы, сондай-ақ апат көбейіп, адамдар күйзеліске ұшырайды. 

Мәселені шешу үшін сарапшы жүйелі тәсілді ұсынады:

  • қысқа мерзімде (1 жылға дейін) – бейімделгіш бағдаршамдар, жасыл шамды бірізділікпен қосу, қоғамдық көлікке арналған ақылы жолақтар және орталықтағы көлік тұрағын реттеу;
  • орта мерзімде (1-3 жыл) – «ақылды» тұрақ жүйесін енгізу, жүк көліктеріне арналған логистикалық уақытты белгілеу, бірыңғай жол қозғалысын басқару платформасы;
  • ұзақ мерзімде (3-10 жыл) – орталыққа кіру құнын реттеу, қоғамдық көлікті және рельсті бағыттарды дамыту, көлік жүйесін қалалық жоспарлаумен интеграциялау, жеке автокөлікке тәуелділікті азайту.

– Ең бастысы – бұл үздіксіз процесс: кептелістерді өлшейміз, шешімдерді енгіземіз және оларды нақты деректерге сәйкес түзетеміз. Бұл болмаса, ең заманауи технологиялардың өзі мардымды нәтиже бермейді, – деп қортындылады А. Масанов.

Айта кетейік, Астанада көлік кептелісін азайту үшін бірқатар ұйымның жұмыс кестесі өзгертілген еді.