Астана әкімдігі неліктен Тимур Құлыбаевтың компаниясын сотқа берді

Фото: Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының ауданаралық экономикалық соты елорданың жер ресурстары басқармасының «Кипрос» ЖШС-не жерді мәжбүрлеп алып қою туралы талабын қанағаттандырды.

Астана қаласы Алматы ауданы прокуратурасының ұсынысы бойынша елорданың жер ресурстары басқармасы «Кипрос» ЖШС-не қарасты жерлердің ұзақ уақыт пайдаланбау фактісі бойынша тексеру жүргізген.  

Тексеру қорытындысы бойынша компания заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама алған. 

«Нұсқама талаптарын орындамауына байланысты ведомство „Кипрос“ ЖШС меншік иесінен жер учаскелерін алып қою жөнінде арыз берді», — делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің Kazinform агенттігі жолдаған сауалға жауабында. 

Осылайша 2024 жылғы 19 шілдеде Астана қаласының ауданаралық экономикалық соты аталған компанияға тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді мәжбүрлеп алып қою туралы елорданың жер ресурстары басқармасының талабын қанағаттандырды. 

Сондай-ақ, ведомстводан «Кипрос» ЖШС қалалық соттың шешіміне апелляциялық шағым түсіруі мүмкін екенін хабарлады. 

Айта кетейік, «Кипрос» ЖШС-нің жалғыз құрылтайшысы — қазақстандық кәсіпкер Тимур Құлыбаев.

Компания 1994 жылдың қазан айында тіркелген.

2015-2023 жылдар аралығында компания 13,1 млрд теңге салық төлеген, ал ең жоғары көрсеткіш 2023 жылы тіркелді (2,2 млрд теңге).