Астана әкімдігі соңғы қоңырауға қатысты желіде тараған ақпаратқа түсінік берді

Фото: Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімдігі мектеп түлектеріне арналған соңғы қоңырау іс-шарасын өткізуге қатысты ресми түсініктеме берді.

— Әлеуметтік желіде мектеп бітіруші түлектер үшін салтанатты іс-шаралар өткізілмейді деген ақпарат тарап жатыр. Осыған орай, аталған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін ресми түрде хабарлаймыз. Мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шаралар дәстүрлі форматта өткізіледі. Түлектерге лента тағуға, естелік суретке түсуге, мектеп вальсін билеуге рұқсат етіледі, — делінген хабарламада.

Дегенмен әкімдік артық шығынға батып, ысырапқа жол бермеуге шақырып отыр. 

— Барлық түлекке қауіпсіз және тең жағдай жасау мақсатында аста-төк салтанатты кеш өткізуді, қаражат жинауды, автокөлікпен серуендеуді және осыған ұқсас өзге де іс-шараларды өткізуді ұсынбаймыз, — дейді әкімдіктен.

Бұған дейін желіде астаналық мектеп түлектерінің соңғы қоңырау салтанатты іс-шарасын өткізу мәселесі қызу талқыланып жатқаны туралы хабарлаған едік. Оған соңғы қоңырауда вальс билеуге, лента тағуға тыйым салынатыны туралы жазба себеп болды. 

Еске салайық, өткен жылы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев соңғы қоңырау кезінде ата-аналар мектептегі мерекелік іс-шараларға шығындалып, балаларды ысырапқа үйретпеуі керектігін айтты.