Елорда әкімдігі Талдыкөл маңындағы бетон зауыты туралы ақпаратты теріске шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Талдыкөл маңында бетон зауыты салынып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы хабарлады.

Фото: Kazinform

Ведомство мәліметінше, Кіші Талдыкөлге жақын орналасқан аумақта өнеркәсіптік емес, тұрғын үй кешені салынуда. Жоба аясында коммерциялық үй-жайлар мен паркинг қарастырылған.

Деталды жоспарлау жобасына сәйкес, «Нұра» тұрғын алабында, Е-908 көшесінің бойында орналасқан №20 жер учаскесінде көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Құрылысқа рұқсат 2021 жылғы 2 маусымдағы қаулымен берілген. Жер телімі 2026 жылғы 2 маусымға дейін жалға ұсынылған.

Сонымен қатар, тапсырыс беруші 2021 жылғы 30 қыркүйекте архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын (АЖТ) алған. Эскиздік жоба 2024 жылғы 1 қарашада мақұлданған.

Аталған құжаттар жобалауға және сараптамадан өтуге қажетті рәсімдер қатарында. Алайда әкімдік қазіргі таңда нысанға қатысты жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) туралы ақпаратқа ие емес екенін атап өтті. ЖСҚ-ны әзірлеу және сараптамадан өткізу «Мемлекеттік ведомстводан тыс сараптама» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының құзырында. Бұл мекеме ҚР Индустрия және құрылыс министрлігіне бағынысты.

Сондай-ақ, қала әкімдігі нысанға жүргізілген мониторинг барысында бірқатар бұзушылықтар анықталғанын хабарлады. Тексеру нәтижелері бойынша тиісті хаттар Астана қаласының қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасына, сондай-ақ жер ресурстарын басқару департаментіне жолданған.

Бұған дейін Кіші Талдыкөл суын ағызу фактісі бойынша тексеру жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын.