Астана әкімдігінен 20 млн теңге: Ұлдана Мырзуанның күйеуі оны қайда жұмсағанын айтып берді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта оның күйеуі Әділет Зейнелден жауап алу жалғасып жатыр. Сот отырысында ол Ұлдана қайтыс болғаннан кейін отбасының Астана әкімдігінен алған 20 млн теңгесі туралы айтып, кейін жәбірленуші мәртебесінен не себепті бас тартқанын түсіндірді.

Фото: видеодан алынған скрин

Ә.Зейнелдің айтуынша, 2025 жылғы 19 қарашада, Ұлдана Мырзуанды жерлегеннен кейін оны марқұмның туған әпкесі Ақнұрмен бірге Астана әкімдігіне шақырған. Кездесуге қала әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаты қатысқан.

Отбасына 20 млн теңге көлемінде қолма-қол ақша берілген. Әділеттің айтуынша, ақшаны алғаны туралы ешқандай қолхат немесе өзге құжатқа қол қоймаған.

Жәбірленушінің айтуынша, кейін бұл қаражат бірнеше мақсатқа жұмсалған. Шамамен 9,2 млн теңге автокөлік несиесін өтеуге бағытталған. Банктің алдын ала мәліметі бойынша, тағы 4,3 млн теңге Ұлдананың несие бойынша міндеттемелерін өтеуге жұмсалған. Бұдан бөлек, 4,5 млн теңге оның анасына берілген. Қалған қаражат түрлі шығындарға, соның ішінде қайырымдылыққа жұмсалған.

Сонымен бірге, сот отырысында Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тартқаны да белгілі болды. Судья оның мұндай шешімге не себеп болғанын сұрады.

Ә.Зейнел қайғылы оқиғадан кейін жаңа өмір бастағанын және бұдан былай Ұлдананың мүддесін оның анасы қорғағанын қалайтынын жеткізді.

— Мен жаңа өмір бастадым, үйлендім. Бұдан әрі Ұлдананың мүддесін оның анасы қорғағанын қалаймын. Өзі де бұған дейін БАҚ-қа берген сұхбатында да жәбірленуші мәртебесінен бас тартуымды айтқан болатын, — деп түсіндірді Әділет Зейнел.

Судья Әділеттің жәбірленуші мәртебесінен өз еркімен бас тартқан-бас тартпағанын да нақтылады. Жәбірленуші бұл мәртебеде өз еркімен болғанын және одан бас тартуды жоспарламағанын растады.

Бұған дейін Әділет Зейнел әйелімен өткен соңғы сағаттар туралы айтып берген еді.