Астана әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты жер және сәулет-қала құрылысы заңнамасы саласында көптеген заңбұзушылық анықталғаннан кейін басталған қылмыстық іс тоқтатылды.

Фото: Pexels

«2023 жылғы 15 желтоқсанда тергеу нәтижесі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35 - бабы 1-бөлігі 2-тармағының негізінде, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдағанын хабарлаймыз», - делінген қала прокурорының орынбасары Ержан Бердібековтің Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Астана прокуратурасы әкімдікке тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде жоспарлау жобасын түзету, мемлекеттік жерлерді беру, жобалау-іздестіру жұмыстарына рұқсат беру, сондай-ақ эскиздік жобаларды келісу туралы шешімдер қабылдауға байланысты бұзушылықтар анықталды.

Тексеріс материалдары қала әкімдігінің қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы (лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша Антикорға тексеруге жіберілді және одан әрі қылмыстық іс қозғалды.

Бұған дейін БАҚ-та 2019-2022 жылдар аралығында жер учаскелерін беруге және қалада құрылыс салуға жауапты Астана әкімдігінің бөлімшелерін тексеру туралы хабарланған болатын. Осы кезеңде елорда әкімі Алтай Көлгінов болды.

Прокуратура бастапқыда ондаған мектеп, аурухана мен балабақша салу жоспарланған учаскелер үшін жоспарлау жобасын түзетудің 61 жағдайын анықтады. Бірақ оның орнына тұрғын үйлер мен элиталық жылжымайтын мүлік салынған.