«Астана Ақшамы» газетіне жаңа бас редактор тағайындалды

АСТАНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің өкімімен Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасы бастығының міндетін атқарушы болып Ербол Ердембекұлы Тілешов тағайындалды.

Астана әкімдігінің мәліметіне қарағанда, ол бұрын осы басқармаға қарасты «Руханият» орталығы ЖШС-ның директоры қызметін атқарған. Тілешовке дейін басқарма бастығы болған Оразкүл Асанғазы 2012 жылғы 15 қаңтарда өткен ҚР Парламент Мәжілісінің сайлауында төменгі палата депутаты болып сайланды.

«Руханият» орталығы ЖШС-ның директоры қызметіне Амантай Жарылқасынұлы Шәріп тағайындалды, ол бұған дейін «Астана Ақшамы» газетінің директоры-бас редакторы болған. «Астана Ақшамы» газетінің бас редакторы қызметіне Ерболат Тілекқабылұлы Каменов тағайындалды.