Астана әлемдік мәдени орталықтардың біріне айналуы тиіс - ресейлік әртіс

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әлемдік мәдени орталықтардың біріне айналуы тиіс. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында «Астана-Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Артур Каипкулов мәлім етті. Ол бүгінде елордаға Башқұртстан Республикасынан келіп, жұмыс істеп жатыр.

«Конкурс барысында Қазақстан елордасындағы керемет театрға өткеніме өте қуаныштымын. Біздің халықтар бауырлас болғандықтан мен Қазақстан жайында балалық шағымда жиі еститінмін. Атап айтқанда, біздің мәдениет, дәстүріміз және ұлттық тағамдарымыз өте ұқсас. Астана өзге қалаларға ұқсамайды және шаһар өзіндік ерекшелігімен маған қатты ұнайды»,-дейді Башқұртстанның еңбегі сіңген әртісі А. Каипкулов.

Ол «Астана Операда» жұмыс істеген бір жылда кәсіби тұрғыда өте үлкен тәжірибе жинақтағанын атап өтті.

«Мен осында әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеу мүмкіндігіне қол жеткіздім. Осы орайда театр басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Сонымен қатар Астананың бұдан әрі де гүлдене беруін және Қазақстан елордасы әлемдік мәдени орталықтардың біріне айналуын тілеймін»,-деді ол.