Астана әлемдік туристік орталыққа айналады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО көрмесін қабылдағанға дейін Астана өзін әлемдік туристік нарықтағы орнықты орталық ретінде танытып, астаналықтар үшін де, шетелдіктер үшін де өте жайлы, тартымды қалаға айналды. Ал, Қазақстан бүкіләлемдік көрмені өткізуге қол жеткізген Азияның төртінші мемлекеті ретінде жаһандық көрмелер тарихынан ойып орын алды.

Ағымдағы жылдың 9-ші маусымында салтанатты түрде ашылған халықаралық көрмеге әлемнің 115 мемлекеті, 22 халықаралық ұйым қатысуда. Алдын-ала жасалған болжам бойынша, 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтетін ауқымды шараға 2-3 миллионға жуық қонақтар келеді деп күтілуде.

Әрине, шетелден келетін қонақтарды ең алдымен тұратын жері, ішетін асы, демалыс жағдайлары қызықтыратыны белгілі. Қазіргі кезде елордамызда 197 қонақ үй мен 91 хостел туристерге есігін айқара ашты. Сонымен бірге, көрме қонақтарын орналастыруға мүмкіндігі бар 18 жатақхана дайын тұр. Жатақханада тұруға ниет білдіргендер тәулігіне бар-жоғы 2-ден 5 мыңға дейін ақы төлейді. Бұған қоса, елорданың әртүрлі аудандарынан 10 мың аса жайлы, құны қымбат пәтерлер де дайындалды.

Елорда қонақтарына көмек ретінде үш жерде - халықаралық әуежайдың жаңа терминалында, «Нұрлы жол» жаңа теміржол вокзалында және «Mega Dilk Way» сауда-саттық және ойын-сауық орталығында туристерге ақпарат беретін дүңгіршектер қойылды. Ол жерден кез-келген турист елорда туралы - көлік, қонақ үй, ас ішетін жер, демалыс орындары туралы толық ақпарат ала алады. Жаңа дүңгіршектер ашылғаннан кейін, олардың барлығы жатақхана бойынша орын брондаудың ортақ жүйесіне қосылады. Сондай-ақ, ЭКСПО-ға орай алты шетел тілін білетін 150 ГИД дайындалды. Таксидегі жолаушыны бірнеше тілді меңгерген байланыс орталығының операторымен қосатын «Friendly taxi» қызметі іске қосылды.

Құзырлы мекемелердің мәліметіне сүйенер болсақ, Астана 2 миллион туристі тамақтандыруға дайын көрінеді. Бұл үшін бас қаладағы барлық мейрамханалар мен дәмханаларда, асханаларда кем дегенде 110 мың орын болуы керек. Бүгінгі күні Астанада ұзын-саны 800-ге жуық тамақтанатын орындар тіркелген. Соның ішінде 273-і - 80 мың қонақты қабылдай алатын мейрамхана, 460-ы - 23 мың адамға қызмет көрсете алатын дәмхана бар. Бұған қоса, 3 мың орындық тағы 27 асхана ашылған. «Көрме кезінде 160 мың тонна азық-түлік тұтынылады» деп болжауда құзырлы мекемелер.

Астанада демалыс орындары жетерліктей. Елордамыздың символы - «Бәйтерек» монументі күрделі жөндеуден кейін есігін ашты. Ғимаратта реставрациялық жұмыстар қолға алынып, ескерткіштің ішкі безендірілуі өзгертілді. Жаңашылдық бірі - бөлек LED-экраны бар қазіргі заманғы өнер галереясы ашылды, сондай-ақ монументтің фойесіне габаритті иілген LED-экран орнатылды. Монументтің төбесіндегі аспанда самғап жүрген Самұрық құстар түріндегі аспалы шам да келушілерді тәнті етпек. Жөндеу жұмыстары кезінде мүмкіндігі шектеулі жандардың да ғимаратқа кіруіне жағдай жасау мәселесі қарастырылды. Бұдан бөлек, туристерге қолайлы жағдай жасау үшін кіру билеттері сатылатын терминалдар қойылды. Билеттердің бағасы - 15 жасқа дейінгі балалар үшін 300 теңге, ересектерге - 700 теңге. Жұмыс уақыты: 10:00-ден 22:00-ге дейін.

10 шілдеде «Думан» ойын-сауық орталығының жанындағы жаңа «Шолу доңғалығы» іске қосылады. Биіктігі 65 метрді құрайтын бұл доңғалақ еліміздегі ең биік аттракцион болмақ. Оның 36 кабинасы жазда ауа баптағышпен, қыста жылытқышпен жабдықталған. Демек, шетелдік туристер елорданың демалыс орындарынан да естен кетпестей әсер алатыны сөзсіз.