Астана әлемдік спорттың жаңа орталығына қалай айналып келеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елорда мәртебесіне ие болғанына 28 жыл толған Астана бүгінде Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ірі спорт орталықтарының біріне айналды.

Коллаж: Kazinform/astana.zagranitsa.com

Астанаға Қазақстанның астанасы мәртебесі берілгеннен кейін бой көтерген алғашқы спорт нысандарының бірі – 2001 жылғы 6 наурызда ашылған «Қазақстан» спорт сарайы.

Фото: egemen.kz

Көп жыл бойы бұл кешен қаладағы басты мұз аренасы болып, «Барыс» хоккей клубының алғашқы үй алаңы қызметін атқарды. Сонымен бірге мұнда 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының хоккей матчтары өтті.

Астананың спорттық инфрақұрылымы 2007-2011 жылдары қарқынды дами бастады. 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын Алматы және Астана қалаларында өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін елордада қысқы спорт түрлеріне арналған заманауи нысандар салынды.

Осылайша, қалада «Алау» мұз айдыны сарайы мен «Сарыарқа» велотрегі бой көтерді. Бұл нысандарда 2011 жылғы Азия ойындарының конькимен жүгіру («Алау»), шорт-трек және мәнерлеп сырғанау («Сарыарқа») жарыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

«Алау» мұз айдынында өткен бәсекелер кезінде спортшылар Азияның жеті рекордын жаңартты. Кейін бұл нысандар шорт-трек пен конькимен жүгіруден ұлттық құрамалардың негізгі жаттығу базасына айналып, бүгінге дейін халықаралық жарыстарды тұрақты түрде қабылдап келеді.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Сонымен қатар ұзындығы 250 метр болатын, Сібір самырсынынан жасалған «Сарыарқа» велотрегінің жабыны Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) сертификатына ие. Мұнда Қазақстан чемпионаттары мен Silk Way Series Astana сияқты ірі халықаралық жарыстар тұрақты өткізіледі. Кешен әлемдегі ең үздік жабық велотректердің бірі ретінде танылған.

2009 жылы елордада 30 мың көрерменге арналған «Астана Арена» пайдалануға берілді. Ол Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі алаңына айналды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сондай-ақ бұл стадионда «Астана» футбол клубы ел чемпионаты мен еурокубоктардағы өз алаңындағы кездесулерін өткізеді. «Астана Арена» Алматыдағы Орталық стадионмен бірге УЕФА-ның ең жоғары – төртінші санатына ие. Бұл мәртебе стадионға Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференциялар лигасының шешуші кезеңдеріндегі ойындарды қабылдауға мүмкіндік береді.

2015 жылы пайдалануға берілген «Барыс Арена» да елорданың спорттық әлеуетін айтарлықтай күшейтті. 12 мың көрерменге арналған кешен бүгінде «Барыс» хоккей клубының Құрлықтық хоккей лигасындағы (КХЛ) негізгі аренасы саналады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Сонымен қатар кешен халықаралық деңгейдегі ірі спорттық додаларды өткізуге толық бейімделген. Соның дәлелі ретінде 2027 жылдың басында мұнда мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Аренадағы мұз айдыны арнайы қорғаныш жабынмен жабылып, қажет болған жағдайда бокс, күрес, баскетбол, волейбол, футзал және теннис сияқты спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

2019 жылғы 6 шілдеде Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы ресми түрде ашылды. Қалықтап ұшқан қыран бейнесіндегі ерекше сәулеттік кешен Астана күніне орай пайдалануға берілді.

Фото: jekpejek.kz

Қазір бұл нысан «Астана» баскетбол клубының үй аренасы саналады. Мұнда ВТБ Бірыңғай лигасы мен Қазақстан ұлттық лигасының матчтары тұрақты өтеді.

Астанада жоғарыда аталған ареналардан бөлек, спорт кластерін кеңейткен бірқатар маңызды нысан салынды.

«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені (2020)

Футуристік үлгіде салынған кешен Дүниежүзілік жеңіл атлетика қауымдастығының (World Athletics) беделді халықаралық сертификатына ие. Мұнда 200 метрлік жүгіру жолы, қыздыру аймағы, секіру және лақтыру секторлары, бассейн мен қонақүй бар.

Фото: «Qazaqstan» жеңіл атлетитикалық спорт кешенінің ресми сайты

«Дәулет» ұлттық теннис орталығы (2008)

Еліміздегі ең ірі теннис орталықтарының бірі саналатын кешенде хард және топырақ төсенішіндегі жабық әрі ашық корттар бар. Қазақстанның ұлттық құрамасы Дэвис кубогы мен Билли Джин Кинг кубогының кездесулерін дәстүрлі түрде осы кешенде өткізеді.

Фото: Ақорда

Паралимпиадалық жаттығу орталығы (2018)

Бұл – Қазақстандағы және ТМД кеңістігіндегі ең үздік мамандандырылған бейімделген спорт кешендерінің бірі. Орталық халықаралық талаптарға сай жабдықталып, мүгедектігі бар спортшылардың толыққанды жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған.

Фото: Паралимпиадалық жаттығу орталығының ресми сайты

«Қазанат» ипподромы

Елордадағы ұлттық және ат спорты түрлерінің басты орталығы саналатын ипподромда бәйге, көкпар, аударыспақ секілді дәстүрлі жарыстар тұрақты өткізіледі. Кешен халықаралық деңгейдегі турнирлерді қабылдау үшін кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді.

Фото: Акорда

Ірі халықаралық жарыстардың ордасы

Дамыған қала және қонақүй инфрақұрылымы, сондай-ақ әлемнің көп елінен тікелей әуе қатынасының болуы Астананың әлемдік спорттық жарыстарын өткізуге қолайлы алаң ретінде қалыптасуына мүмкіндік берді.

Кейінгі 28 жылда Астана дзюдо мен күрестен әлем чемпионаттарын қоса алғанда көп ірі жарыстарды өткізді. 2026 жылы елордада күрестен әлем чемпионаты және Future Games (GOTF 2026) ұйымдастырылады.

Фото: Ақорда

Ал 2027 жыл Астана үшін нағыз спорттық мереке болмақ. Бір жылдың ішінде мұнда дзюдо, бокс, таэквондо, ауыр атлетика және үстел теннисінен Олимпиада алдындағы әлем чемпионаттары өтеді.

Фото: ҰОК

Осындай ауқымды жарыстар елордалық спортшыларды жаңа биіктерге жетуге жігерлендіреді. Кейінгі үш жылда (2024-2026) Астана спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 12 мыңнан астам медаль жеңіп алды.

Кейінгі үш маусымда елордалық атлеттер 1 500-ге жуық ірі жарысқа қатысты. Олардың үштен біріне жуығы әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және кубок кезеңдері сияқты ресми халықаралық деңгейдегі бәсекелер болды.

Тек кейінгі жарыс маусымының қорытындысы бойынша астаналық спортшылар 5 мыңнан астам медаль иеленді. Оның 2 166-сы – алтын медаль.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Әлемдік деңгейдегі жарыстарда Астана спортшылары тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Грек-рим күресінің шебері 

Фото: ҚР ҰОК

1999 жылдан бері Қазақстанға осы спорт түрінен алғашқы алтынды сыйлады. Сондай-ақ боксшылар Алуа Балқыбекова мен Санжар Тәшкенбай жарқын жеңістерімен көзге түсті.

Фото: ҰОК

Елордалық бокс мектебі үшін маңызды белес – Нұрбек Оралбайдың 2024 жылы Парижде өткен Жазғы Олимпиада ойындарында күміс жүлде жеңіп алуы болды.

Бұдан бұрын күрестен U20 Азия чемпионатында Қазақстан екі алтын медаль жеңіп алғанын жаздық.