12:37, 24 Наурыз 2009
Астана: әлеуметтік-экономикалық даму секторлары
АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат - Бұдан бұрын хабарлағанындай, наурыздың 18-інде Астанада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың төрағалығымен Астана қаласының жаңа орталығының құрылысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, онда елорданың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды.
ҚазАқпарат осы тақырып бойынша ақпараттық-анықтамалық материал таратады. Мәжілісте атап көрсетілгендей, ағымдағы жылдың басынан бері экономикалық дағдарыс жағдайында Астананы әлеуметтік-экономикалық дамытудың ортамерзімдік перспективасының кешенді жоспары жүзеге асырылып келеді. Бұл жоспар бойынша күш-жігерді елорданы әрі қарай дамыту жөніндегі бірнеше іргелі міндеттерге жұмылдыру қарастырылып отыр. Атап айтқанда: - халықты жұмыспен қамту жолымен қалада орнықты әлеуметтік жағдайды ұстап тұру;
- шағын және орта бизнесті әрі қарай дамытуға қолдау көрсету;
- қала экономикасының маңызды секторы ретінде құрылыс индустриясына қолдау көрсету; Бүгінгі күнгі жағдай бойынша қала бойынша салынып жатқан нысандардың саны 808, олардың ішінде: - тұрғын үй кешендері - 217, оның 127-сі ? үлестік қатысу бойынша салынып жатқан нысандар;
- әлеуметтік және мәдени мақсаттағы нысандар ? 170;
- әкімшілік және кеңсе ғимараттары? 40;
- инженерлік және жол инфрақұрылымдары нысандары? 113;
- қайта жаңартылып жатқан нысандар- 190.Барлық қаржы көздері есебінен ағымдағы жылдың өткен 2 айында 396,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 9,5 пайызға жоғары. Ал жылдың қорытындысы бойынша 1,250 миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясындағы құрылыс ағымдағы жылы 290 мың шаршы метрді құрайды. Ал үлестік салымшылардың қатысуымен салынып жатқан нысандарға келетін болсақ, Астана қаласында бүгінде 24 мың 092 салымшының қатысуымен 127 нысан салынып жатыр. Қаладағы әлеуметтік инфрақұрылымдардың даму мәселесіне тоқталар болсақ, қалада білім беру және денсаулық сақтау саласы нысандарының құрылыстары белсенді жүріп жатыр. Ол жобалар республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінген қаражаттармен негізделіп отыр.
Мемлекеттік бағдарлама аясында ағымдағы жылы Астанада төрт балабақша және балабақша жандарынан салынып жатқан төрт қосалқы нысанның құрылысы жалғасуда. Екінші жартыжылдықтан бастап тағы 7 балабақшаның құрылысын бастау жоспарланған. «100 мектеп, 100 аурухана» жобасын жүзеге асыру аясында 8 мың орындық жеті мектептің құрылысы аяқталады. 2009 жылы сондай-ақ балалар үйінің жанынан 4 корпус, 300 орындық арнаулы кәсіптік-техникалық лицей пайдалануға беріледі және 800 орындық кәсіптік-техникалық мектептің құрылысы жалғастырылады. Денсаулық сақтау нысандарын дамыту бағдарламасы бойынша сәуірдің орта шеніне қарай Қан орталығы іске қосылғалы отыр. Ал жылдың соңына қарай онкологиялық диспансердің екінші кезегі, 360 орындық көппрофильді стационар, 150 орындық перзентхана, амбулаторлық-поликлиникалық кешен пайдалануға берілмек. Ағымдағы жылы сонымен бірге бірқатар мәдениет және спорт нысандарын да іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 3500 орындық әмбебап кино-концерт залы, «Шабыт» шығармашылық сарайы іске қосылады. 2011 жылы өтетін Азиада ойындарына дайындық бойынша жүргізіліп жатқан іс-шаралардың аясында конькимен сырғанау стадионының құрылысы жалғасады. Оған қоса шілде айында жобалау жұмыстары аяқталып, «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңарту жұмыстары басталады. Елорданың сәулеттік келбетін қалыптастырудағы маңызы зор үлкен инвестициялық жобалар тағы бар.
Ағымдағы жылы:
- 30 мың орындық стадион;
- Ұлттық Метеорология орталығы;
- Қалдық өңдеу зауытын пайдалануға беру жоспарлануда. Инвесторлардың есебінен:
- «Еуразиялық қаржы-өнеркәсіптік компаниясының» әкімшілік ғимараты;
- «Тойота» және «АвтоСити» автоорталықтары мен екі сауда-ойын-сауық кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Индустриялық парктің аумағында «Ақнұр» ЖШС-ның жиһаз фабрикасы, «АБК-Мақсат» ЖШС-ның темір-бетон өнімдері зауыты және «Локомотив лизинг» ЖШС-ның локомотив құрастыру зауыты сияқты жобалар жүзеге асырылады.