Заң жобасы Астана қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берілген Мемлекет басшысының хаттамалық тапсырмасын, сондай-ақ Президент Әкімшілігі Басшысының астананы дамыту тәсілдерін республикалық маңызы бар барлық қалаларға тарату жөніндегі қарарын орындау үшін әзірленді. Заң жобасы арқылы 1 кодекске және 6 заңға түзету енгізіледі. Заң жобасы жер қатынастары, сәулет және құрылыс, көші-қон, жарнама, экология және басқа да салалардағы мәселелерді шешуге бағытталған.
«Сыртқы жарнаманы жолдар мен көшелерді бояу арқылы орналастыру қалалардың эстетикалық келбетіне теріс әсер етеді. Сондай-ақ, қаланың сыртқы келбетінің нашарлауына қоғамдық орындарда аудио жарнаманың кең таралуы себеп болып отыр. Қазіргі кезде аталған әрекеттер ереже бұзу әрекетіне жатпайды және заңнамада оған қарсы ешқандай әкімшілік шаралар көзделмеген», - деді Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков.
Осылайша, қалалардың сыртқы келбеті бойынша мәселелерін шешу мақсатында келесі заңнамалық өзгерістер ұсынылды:
- «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына республикалық маңызы бар қала мен астана мәслихатының құзыретін дизайн-кодты бекіту жөніндегі нормамен, ал әкімдіктердің құзыретін стационарлық емес объектілерді орнату мен жұмыс істеуі бойынша қағидаларды бекіту жөніндегі нормамен кеңейту;
- «Астана мәртебесі туралы» Заңына елордада бірыңғай дизайн-кодты енгізу және оның жалпы ережелерін айқындау;
- «Жарнама туралы» Заңы аясында: ғимараттардың/тұрғын үйдің меншік иесіне талаптарды бұза отырып орнатылған жарнама объектісіне демонтаж жөніндегі талаптарды қолдану;
- ашық кеңістікте аудио жарнаманы таратуға тыйым салу;
- тротуарларда, веложолдарда, автожолдарда және көшелерде сыртқы жарнаманы орналастыруға тыйым салу.
Аталған нормаларды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізу мәселесі пысықталып жатыр.