Бас маманның сөзіне қарағанда, мектептердің өрт автоматикасы қондырғыларымен жабдықталуы деңгейінің ең төменгі көрсеткіші Атырау облысында тіркеліп отыр. Бұл өңірде аталған көрсеткіш 42 пайыз болса, Батыс Қазақстан облысында 50, Алматы облысында 57 пайызды құрайды. Бұл ретте өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы негізінен ауылдық жерлердегі мектептерде орын алуда. Өйткені ауылдық мектептердің көпшілігі 30-60-шы жылдары салынған. Дегенмен министрлік өкілі жыл сайын жүргізілген жұмыстың арқасында білім беру нысандарын өрттен қорғау деңгейі жақсара түскендігін атап өтті.
«2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада барлығы 5996 мектеп өрт автоматикасымен жабдықталған. Бұл олардың жалпы санының 80 пайызын құрайды. 2011 жылмен салыстырғанда мектеп ғимараттарының өрт автоматикасы жүйесімен жабдықталуы 12 пайызға өскені байқалады. Мәселен, Астана, Алматы қалаларында Ақтөбе, Қостанай, Павлодар облыстарында барлық орта мектеп автоматты өрт дабылымен толықтай, ал Жамбыл, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 80 пайыз жабдықталған», - деді ол.
Жалпы С. Ахметованың атап өтуінше, аталған нысандарда өртке қарсы режімді қамтамасыз етудегі оқу орындары басшыларының салақтығы да байқалып қалады. Міне, соның салдарынан 2013 жылдың өткен кезеңінде 16 өрт тіркелген. Ал одан келген материалдық шығын 7 млн. 674 мың теңгені құрайды. Бірақ, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт саны 45 пайызға азайып отыр.