«Астана Арена», «Барыс Арена» мен «Алау» сенімгерлік басқарудан шығарыла ма

Фото: Коллаж: Kazinform/astana.zagranitsa.com

АСТАНА. KAZINFORM – «Астана Арена» стадионы, «Барыс Арена» спорт кешені мен «Алау» мұз сарайы қаншалықты тиімді басқарылып отыр? Олар сенімгерлік басқарудан шығарылуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы жауап берді.

Биыл қаңтар айында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Астана қаласының активтер және Мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ іс-әрекеттерінде «Астана Арена» стадионын, «Барыс Арена» спорт кешенін және «Алау» мұз сарайын сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру кезінде кеткен монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерін анықтаған еді

- Басқарма 2020 жылы аталған объектілерді сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер өткізген. Тендер нәтижелері бойынша «Mtex management» ЖШС жеңімпаз деп танылып, онымен 15 жылға шарт жасалған. Заңнамаға сәйкес, тендерді өткізу бәсекелестікті дамыту қағидаттарын сақтай отырып, барлық әлеуетті басқарушылар үшін қатысудың тең жағдайларын қамтамасыз етуге тиіс. Алайда, бұл спорт кешендерін беруге тендер жарияланған кезде құжаттамада қатысушылар шеңберін шектейтін талаптар жазылған, - деп аталып өткен агенттік ақпаратында.

Осы орайда, елорданың Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Mtex management» компаниясының 2020 жылдан бергі қызметіне талдау жасалғанын атап өтеді. 

- 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы №1546 қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін мониторингілеу қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес, Астана қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша Мониторинг объектілерін басқарудың тиімділігіне кешенді талдау жүргізілді. Талдау өндірістік-техникалық, технологиялық, қаржылық-экономикалық, құқықтық, экологиялық және өзге де параметрлерді қамтыды. Зерттеу нәтижесінде мүліктің даму болжамдылығы тұрғысынан оның жай-күйіне кешенді баға берілді. Сарапшылардың қорытындысына қарағанда, «Mtex management» ЖШС тарапынан мемлекеттік мүлікті басқару тиімді деп танылды, - делінген елордалық басқарманың Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Спорттық нысандарды басқару сапасын арттыру және оңтайландыру нәтижесінде мемлекеттік бюджеттің шығындары қысқарғаны анықталған.

- Бұл нысандарды сенімгерлік басқаруға берудің негізгі мақсаттарының бірі осы еді. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тарапынан айтылған мәселелерге тоқталсақ, нақты заң бұзу фактілері анықталған жоқ, яғни заңнамаға сәйкес құқықтық баға беруді талап ететін белгілер ғана тіркелді. Осыған байланысты бұл мәселе тиісті қарау сатысында тұр, - деп нақтылады басқармадан.

Басқарма жауабындай көрсетілгендей, нақты қорытындылар тиісті талқылау нәтижелері бойынша белгілі болмақ.