«Астана арландары» - Дүниежүзілік бокс сериясы бойынша екі дүркін чемпион болған алғашқы команда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы сенбі, жексенбі күндері, яғни 20-21 маусымда Астана тұрғындары мен қонақтары керемет бокс кешінің куәсі болды.

Елорда төріндегі «Дәулет» спорт кешенінде Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) ақтық сайысына жолдама алған қос команда «Астана арландары» мен «Куба қабыландары» чемпиондық атаққа таласып, жан алып, жан беріскен додада жерлестеріміз чемпион атанды.

Екі команда да биылғы маусымда алдарына қара салмай, топтық турнирде жеке-дара көш бастады. Жартылай финалда да өз қарсыластарын ойсырата ұтқан олар бас жүлде үшін таласу құқығына ие болған еді.

Қазақ бокс мектебінің тамыры тереңде жатқанын «Астана арландары» әлемге жыл сайын дәлелдеп келеді. Осыған дейін WSB жобасында бес жыл өнер көрсеткен боксшыларымыз жыл сайын жүлдесіз қалып көрген емес. Елордамызда құрылған «Арландарымыз» 2013 жылы WSB додасының чемпионы атанды. Ал 2011 жылы финалда Франция боксшыларына бір ғана есеп айырмашылығымен есе жіберіп, күміс медальді қанжығасына байласа, 2012 және 2014 жылдары үздік үштікті түйіндеп, қола медальға қол жеткізді. Міне, биылғы жеңісті ескерсек, бес жыл бойы жерлестеріміз жүлдесіз қалған жоқ. Дүниежүзілік бокс сериясы жобасында жеңіп алған жүлделері жағынан ешбір команда қазақстандық «Астана арландарының» шалымына жетпейді.

Ертеректе «бокс» десе, кубалықтар бірден есімізге оралатын. Себебі, кубалықтар әлемдік аренада бокстағы жетістіктерімен мақтана алатын ел. Біз «Куба қабыландары» осал емес екенін жақсы білеміз.

Өткен жылғы маусымға «Куба қабыландары» аталмыш жобаға тұңғыш қатысып, соған қарамастан бірден чемпион атанды. Ал, биылғы маусымда да «Қабылан­дарға» өз тобында қарсы тұрар бірде-бір команда болмады. Кубалықтар алдына келгенін «жайпап» қана отырды. Нақтырақ айтсақ, WSB додасын­дағы бірде-бір команда Бостандық аралы өкілдеріне қарсы тұра алмады. Жартылай финалда кубалықтар Мексика боксшы­ларын сең соққандай етіп, 10:0 есебімен ойсырата ұтты. Міне, жоғарыдағы атап өткен нәтижеге қарап-ақ «Куба қабыландарының» өзге командалардан көші әлдеқайда ілгері, әлеуеті әлдеқайда зор еке­нін аңғаруға болады.

Жа­сы­ратыны жоқ, Астанаға келген қарсыластарымыздың осалы жоқ. Олардың сапында кілең ығай мен сығайлар өнер көрсе­тпек. 49 келідегі Йоанис Оскар Перес, 52 келідегі Йосвани Вейтиа Сото, 75 келідегі Арлен Лопес Кар­дона және аса ауыр салмақтағы Леньер Енис Перо Юстис сынды боксшылар әлем біріншіліктерінде, сонымен қатар Пан-Америка ойындарында жүлдемен оралып жүрген мықтылар екен.

Ал, 56 келі салмақта Робейси Рамирес Каррасана бар. Ол 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы. 60 келі салмақта Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, әлемнің екі дүркін чемпионы Лазаро Альварес те өз елінің намысын қорғауға алыстан ат арытып жетіпті. 64 келі салмақта әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ясниэль Толедо Лопес те бар.

Ал 69 келі салмақ дәрежесіндегі жұдырықтасуға келген Рониель Иглесиас Сотолонгоның аты аңызға айналған боксшы десек артық айтқандық емес. Ол - Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері және 2009 жылғы әлем чемпионы екенін жақсы білеміз. 81 келі салмақта өнер көрсететін Хулио Сезар де ла Круз да осал боксшы емес. Ол екі дүркін әлем чемпионы. 91 келіде бақ сынайтын Эрисланди Савон да мықты боксшылардың бірі екенін бокс сүйер қауым жақсы біледі. Міне, «Куба қабыландарының» құрамы осындай ең мықты боксшылардан жасақталған. Жасыратыны жоқ, «Астана арландарының» негізгі құрамында өнер көрсетіп жүрген біздің жігіттерге жоғарыдағы атақтардың бірде-бірі бағынған жоқ.

Мықтының мықтылығын айту әбестік емес. Бірақ, біздің жігіттер ешкімнің атақ-даңқынан сескенген жоқ. Ең бастысы биылғы жылдың шешуші додасы «Арландардың» басты мақсаты орындалып, Бүкіләлемдік бокс сериясының 2 дүркін чемпионы атанды.

Енді тартысты өткен сайысқа тоқтала кетсек:

Жарыс шымылдығын ашқан 49 келі салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов кубалық Йоанис Оскар Аргилагос Перестен айласын асырды. Шаршы алаңда бес раунд бойы қарсыласының адымын аштырмаған Теміртас Жүсіповке төрт төреші де бірауыздан жеңісті берді. Осылайша, 50-45 есебімен кубалық қарсыласын бет қаратпай ұтқан Теміртас Жүсіпов «Астана арландары» командасын алға шығарды.

Екінші кездесу екінші кездесуде, 56 келі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Қайрат Ералиев кубалық Энди Робейсиден ұтылып қалды. Қарсыластар арасындағы жекпе-жек аса тартысты өтті. Төрешілер бірінші раундта 10-9 есебімен жеңісті жерлесімізге бергенімен, екінші раундта кубалық қабылан есепті теңестіріп кетті. Ал үшінші раундта қапталдағы төрт төреші де қазақстандықтың басымдығын есепке алса, төртінші раундта есеп қайта теңескен болатын. Бесінші раундта Қайрат Ералиев қарсыласына есе жіберіп алды. Қорытынды есеп кубалықтың қанжығасында кетті: 47-48.

75 келіде өнер көрсеткен қазақстандық Мейірім Нұрсұлтанов Арлен Лопес Кардонаны тізе бүктірді. Осылайша азулы кубалық боксшы Мейірім Нұрсұлтановқа қарсы еш айла жасай алмады.

91 келідегі дарежесінде сайысқа шыққан боксшымыз Василий Левит төрешілердің шешімі бойынша Эрисланди Савон Котилладан жеңіліс тапты. Айта кетерлігі, бокс қауымдастығының рейтингі бойынша Астанадағы шаршы алаңда кездескен екі былғары қолғап шебері де әлемнің үздік боксшысы саналады. Сондықтан да, бұл сенбі күні өткен финалдық жекпе-жектің ең қызықты кездесуі болды деп айтсақ артық емес. Дегенмен, ақтық айқаста қазылық етуші төрешілердің бұра тартқанын да байқағандаймыз. Өйткені, кездесуде Василий Левиттің соққылары дөп тиіп, Эрисланди Савон Котилладан әлдеқайда басымырақ болған тәрізді еді. Алайда, үш төрешінің есебі бойынша ұпай санымен «кубалық қабылан» жеңісті қанжығасына байлап кетті. Осылайша кездесудің алғашқы күн «Астана арландары» 3:2 есебімен алға шықты

Екінші күннің алғашқы жеңісін 52 келі салмақ дәрежесінде Олжас Сәттібаев сыйлады. Ол қарсыласы Йосвани Вейтиа Сотоны тізе бүктірді. Бірден айтайық, кубалық боксшы - өз командасының ғана емес, әлемдік рейтингтегі үздік боксшы. Дегенмен, Олжас Сәттібаев бірінші раундтан бастап жекпе-жекті өз басымдығында ұстады. Алма-кезек соққылар барысында қабағы жарылып, жарақат алғанына қарамастан, Олжас қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. Тек төртінші раундта ғана кубалық басымдыққа ие болғанымен, жалпы есеп 49:46 - қазақстандық боксшының пайдасында.

Ал, 60 келі салмақтағы Зәкір Сафиуллин Ласаро Хорхе Альварес Эстрададан айласын асыра алмады.

69 келідегі Асланбек Шымбергенов Роньель Иглесиас Сотолонгоны айқын басымдылықпен жеңіп, командасына бесінші жеңісті сыйлады. Асланбек Шымбергеновтің бұл кездесуін сенсацияға да балауға болады. Өйткені, оның қарсыласы Олимпиада чемпионы, аса тәжірибелі Иглесиас Сотолонго болатын. Алғашқы екі раундта кубалық боксшының басымдығы байқалғанымен, Асланбек үшінші раундтан бастап шаршы алаңда нағыз қожайын екенін танытты. Сотолонгаға еш мүмкіндік қалдырмастан, ақыры аса тәжірибелі боксшыны тізе бүгуге мәжбүрледі. Төрешілердің үшеуі де жалпы есепте қазақстандықтың жоғары деңгейде өнер көрсеткенін мойындады, екі төрешінің ұпай жазбалары 48-47 болса, бір төреші 50-45 деп бастан аяқ Асланбекке жеңісті жазды. Сөйтіп, Олимпиада чемпионы біздің жерлесімізге қарсы еш қайрат көрсете алмады.

81 келі салмақтағы Нұрдәулет Жарманов пен Хулио Сесар ла Крус Пераса шеберлік сынасты. Төрешілер жеңісті бірауыздан «кубалық қабыланға» берді. «Астана Арландары» сапындағы Нұрдәулет Жарманов шаршы алаңда осал боксшы емес екенін дәлелдеді. Дегенмен, кубалық боксшы өзінің тәжірибелілігінің арқасында жақсы жекпе-жек мәнерін көрсете білді. Айқас қорытындысында үш төрешінің үшеуі де кубалыққа басымдық берді.

Ақтық айқаста «Астана арландарына» негізгі жеңісті 91 келі салмақта Иван Дычко сыйлады. Ол Йоханди Тойрак Ортеганы айқын басымдықпен ұтып, «Куба домадорес» командасын тізе бүктірді. Жалпы есеп «Астана арландарының» пайдасында - 6:4! Осылайша, Дүниежүзілік бокс сериясының бесінші маусымында «Астана арландары» чемпион атанды. «Куба қабыландары» осы маусымда финалға дейін ешкімді бет қаратпаған болатын, олардың қарқынын тек «Астана арландары» ғана тойтарып, қазақстандық боксшылар тағы да өздерінің әлемдік аренадағы мерейін арттыра түсті.

Бір айта кетерлік жайт, «Астана арландары» Дүниежүзілік бокс сериясы бойынша екі дүркін чемпион болған алғашқы команда атанып отыр.

Жалпы биылғы маусымда «Арлан­дар» жанкүйерлерінің үмітін селге кетірген жоқ. Қата­рынан 13 жекпе-жекте қарсылас шақ келтірмей, мерейімізді асырған жерлестеріміз тек топтық тур­нир­дің соңғы сайысында ғана Ита­л­ия боксшыларынан 2:3 есебімен ұтылып қалды. Алайда, бұл бір жеңіліс «Арландарымыздың» өз тобында топ бастауына еш кедергі бола қойған жоқ. Себебі, жерлестері­міз алға қойған жос­парын алдын ала орындап, плей-офф мәселесін күні бұрын шешіп тастаған болатын. Сол себепті де бір сәтсіздік бізге кері әсерін тигізе қойған жоқ. Сондай-ақ, бұл жеңіліс біздің боксшылардың әлсіздігін де көрсете алмады. Ойлай дейтініміз жартылай финал­да біздің жігіттер Ресей құрама­сын тас-талқан етті. Есеп: - 9:1. Міне ақтық сайыста «Астана арландары» «Куба қабыландарын» 6:4 есебімен ұтып, Дүниежүзілік бокс сериясының екі дүркін чемпионы атанды. Біз жерлестеріміздің алдағы додаларда қазақтың көк байрағын биіктен желбірете беруіне тілектестік білдіреміз.

Күнсұлтан Отарбай