«Астана Арландары» италиялық командаға қарсы ұлттық құрама боксшыларын шығармақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Астана Арландары» командасы Бүкіләлемдік бокс сериясындағы кезекті жекпе-жегін өткізеді, деп хабарлайды клубтың ресми сайты.

Бұған дейін алты кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен «арландар» енді Италия былғары қолғап шеберлерімен күш сынаспақ.

Алматыда өтетін жекпе-жекке байланысты қос команданың бас бапкерлері осыдан санаулы күндер бұрын кездесуге қатысатын боксшылардың тізімін жариялады. Шыны керек, «Астана Арландары» командасының бас бапкері Марат Жакиев апта сайын жанкүйерлерге тосын сый тарту етуде. Осыған дейін Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов сынды ұлттық құраманың бетке ұстар боксшыларын шаршы алаңға шығарған Жакиев Италия боксшыларымен болатын айқаста әлем чемпионатының қола жүлдегері Қайрат Ералиевке сенім артпақ. 56 келі салмақта «арландар» намысын қорғауға бел буған Ералиев Италия клубында өнер көрсететін ирландиялық Майкл Конланмен жұдырықтасады. Ирландиялық боксшы әуесқой бокста әжептәуір жетістікке жеткен боксшылардың бірі. Өз елінде екі дүркін чемпион атанған Конлан 2012 жылы Лондон олимпиадасына қатысып, 52 келі салмақта қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, 2013 жылғы Еуропа біріншілігінде күміс медальді қанжығасына байлады. Бүкіләлемдік бокс сериясының биылғы маусымында 3 жекпе-жекке қатысып, екеуін жеңіспен аяқтап, біреуінде ұтылып қалды. Италия командасының бапкерлері Конланға көбірек сенім артатынына қарағанда ирландиялық боксшы осы жоба арқылы Рио олимпиадасының жолдамасын жеңіп алуды көздейтін сияқты. Әзірге бұл боксшы әлемдік рейтингтің 2-сатысында тұр. Басқа салмақ дәрежелеріне келсек, 49 келіде «Астана Арландарының» намысын Теміртас Жүсіпов қорғайды. Теміртас қаңтар айының соңғы күні әзірбайжандармен өткен жекпе-жекке шығып, қарсыласын ұтқан болатын. Енді ол Патрик Барнспен қолғап түйістіреді. Барнс те Конлан сияқты Ирландиядан келген боксшы. Әлемге аты танылып үлгерген ирландиялық былғары қолғап шебері Олимпиада ойындарында екі мәрте қола жүлдегер (2008, 2012 ж.) атанған. Бұған Еуропа чемпионы (2010 ж.), әрі күміс жүлдегері (2013 ж.) деген атақтарын қосыңыз. Биылғы маусымда үш жекпе-жек өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтаған Барнс әлемдік рейтингтің көшін бастап тұр. 64 келі салмақта Италия клубының тағы бір мүшесі Винченцо Манджакапрені де қаперде ұстауға тиіспіз. Отандасымыз Асқат Уәлихановқа қарсылас атанған Мангиакапре де ирландиялықтар сияқты Олимпиада ойындарында жүлде алған боксшы. 2012 жылы ол Лондон олимпиадасында қола медальдің иегері атанса, 2011 жылғы әлемдік сайыста да үздік үштікті қорытындылады. Асқат Уәлихановқа келсек, «арландар» сапына былтыр ғана қосылған отандасымыздың Мангиакапреге қарағанда тәжірибесі аз болса да, өз жерімізде намысты қолдан бермейтін боксшылардың бірі. Асқаттың биылғы маусымдағы алғашқы жекпе-жегі сәтсіз болғанымен бұл жолы бабына келер деген сенімдеміз. 75 және 91 келі салмақ дәрежелерінде қонақтардың сапынан Рафаэль Мунно (75 келі) мен Эндри Спахиу (91 келі) шаршы алаңға шығады. Бұл екі боксшы да итальяндықтар. Бұларға қарсы «арландар» тарапынан Мейірім Нұрсұлтанов пен Василий Левит өнер көрсетпек. Бір айта кетерлігі, Мейірім де, Василий де биылғы маусымда жеңілген жоқ. 75 келі салмақта өнер көрсететін Мейірім Нұрсұлтанов осыған дейін екі жекпе-жекке қатысып, екеуін де жеңіспен аяқтады. Әлемдік рейтингте - 3-орында. Ал, Василий Левит болса, үш жекпе-жекте де таза жеңіске жетіп, әлемдік рейтингтің 1-сатысында тұр. Егер «арландарымыз» осы жолы да жеңісті жолдарын жалғастырар болса, рейтингтік ұпайларын еселей түсетіні анық. Италия командасының боксшылары Бүкіләлемдік бокс сериясына алғашқы жылдардан бастап қатысып келеді. Бірінші маусымда жартылай финалдан қайтқан итальяндықтар екінші жылы жобаның бас жүлдесін жеңіп алды. Жалпы «арландар» мен итальяндық команда Бүкіләлемдік бокс сериясында өзара төрт рет жолығыпты. Нақтырақ айтсақ, 2011/12 жылғы маусымда «арландар» сырт алаңда 0:5 есебімен ұтылып қалса, өз жерімізде өткен жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетті. Одан кейінгі жылы қос команда тағы да топтық сайыста бірге өнер көрсетті. 2011-12 жыл. А тобы. Топтық кезең «Милано тандер» (Италия) - «Астана арландары» - 5:0 «Астана Арландары» - «Милано тандер» (Италия) - 3:2 2012-13 жыл. В тобы. Топтық кезең. «Астана Арландары» - «Милан» (Италия) - 3:2 «Милан» (Италия) - «Астана Арландары» - 4:1