«Астана арландары» кәсіпқой боксшылар клубы Қытайдың «Бейжің айдаһарлары» командасымен жекпе-жекке шығады

АСТАНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ертең Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) нұсқасы бойынша кезекті матч өтеді.

Қазақстанның кәсіпқой бокс құрамасы деп танылған «Астана арландары» кәсіпқой боксшылар клубы Қытайдың «Бейжің айдаһарлары» командасымен қолғап түйістіреді.

Соған орай, бүгін екі команданың боксшылары матч алдындағы салмақ өлшеу рәсімін жасады. Ертеңгі кездесуде ел намысын Қанат Әбутәліпов, Азамат Смағұлов, Мирас Байырханов, Максвел Ампонсо және Руслан Мырсатаев қорғайды.

«Астана арландары» клубының бас директоры Болат Манкеновтің айтуынша, команда алдағы жекпе-жекке толығымен дайын.

Ал қытайлықтардың сапында 85 келі салмақта өнер көрсететін Ксюжи Джиаоның күрт салмақ тастауына байланысты Астанадағы жекпе-жектен аластатылды.

Жалпы Қазақстанның кәсіпқой бокс құрамасында 15 боксшы бар. 5 салмақ дәрежесінің әрбірінде 3 боксшыдан жасақталды.

Бұған дейін елордадағы «Дәулет» теннис кешенінде өткен кездесуде қазақ былғары қолғап шеберлері кәрістің «Инчхон қырандары» деп аталатын клубын 5:0 есебімен ойсырата жеңген болатын. Өкінішке орай келесі айналымда Алматыдағы «Достық» кешенінде Әзірбайжанның Baku Fires командасымен қолғап түйістірген қазақстандық бокшылар 4:1 есебімен есе жіберді.

Жалпы AIBA ұйымының қолдауымен болып жатқан WSB клубтық жарысы Азия, Еуропа және Америка аймақтық конференциялары бойынша өткізілуде. Қазақстанның «Астана арландары» боксшылары Қытай, Оңтүстік Корея және Әзірбайжан мемлекеттерінің былғары қолғап шеберлерімен бірге Азия конференциясына кіреді.

WSB әуесқой боксшыларға өз елінің намысын Олимпиадалық ойындарда қорғауға тыйым салмайтындықтан, WSB чемпионаты әуесқой боксшыларға кәсіпқой бокста бақ сынауларына мүмкіндік беретін бірден бір платформа болып табылады.