«Astana Arlans» - «Dynamo Moscow»: есеп теңессе, қосымша жекпе-жек өтеді

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Ертең, 30 наурыз күні Мәскеуде Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында «Astana Arlans» және «Dynamo Moscow» құрамалары арасында кезекті есептік жекпе-жектер өтеді.

Жартылай финалдық жекпе-жектер келесі жұптар бойынша өтпек: Рафикжон Сұлтонов - Анвар Юнусов (54 келі), Ержан Мұсафиров - Адлан Абдрушитов (61 келі), Қанат Сләм - Максим Газизов (73 келі), Абделхафид Бенчабла - Олександр Гвоздик (85 келі), Шуаиб Болодинатс - Виталий Кудухов ( 91 келі).

Айта кетейік, үстіміздегі наурыз айының 23-і күні Астанада өткен жартылай финалдың алғашқы жекпе-жектері кезінде «Astana Arlans» боксшылары «Dynamo Moscow» құрамасынан 3:2 есебімен басым түскен болатын. Осы жолы мәскеуліктер 2:3 есебімен жеңсе, жалпы есеп теңеседі. Онда 61 келі салмақта қосымша жекпе-жек ұйымдастырылады. Оған «Astana Arlans» командасынан Әділет Егізбеков, ал «Dynamo Moscow» құрамысынан атынан Эдуард Хусаинов қатысады.

Матчтың тікелей эфирі «Ел арнадан» түнгі сағат 22.55-те көрсетіледі.